2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қандай заңдар күшіне енеді?

Жарияланды (жаңартылды )
заң жобасын
Фото:shutterstocks

Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап  бірқатар өзгерістер күшіне енеді.

Шағын және микро бизнесті тексеруге арналған мораторий тоқтатылады.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және микро бизнесті тексеруге арналған мораторий тоқтатылады. Осылайша, бақылаудың барлық саласында тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіледі.

Бірыңғай жиынтық төлем енді болмайды

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жойылады. Ол жылдық табысы 4,1 миллион теңгеден аспайтын азаматтар үшін енгізілді. Бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдан 2023 жылға дейін, яғни уақытша қабылданған еді. Ол 2023 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Бірыңғай әлеуметтік төлемді төлейтін азаматтар 2024 жылдан бастап жеке кәсіпкер болып, тиісті салық режимін таңдауы қажет.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жылдар аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады.

Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады.

Дактилоскопиялық тіркеу қолданылады

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке басты куәландыратын құжат беру кезінде міндетті дактилоскопиялық тіркеу қолданыла бастайды. Деректер қорына саусақ ізі дактосканерлер арқылы енгізіледі. Азамат келесі рет өтінім жасағанда оның кім екені саусақ ізі арқылы анықталады. Бұл жоба азаматтарға уақыт үнемдеп, құжаттарын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік береді. Ең басты ерекшелігі – суретке түсірген кезде адамның бет-бейнесі танылады. Жобаны әзірлеушілер бұл заң негізінде алаяқтардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылады деп отыр. Яғни дактилоскопиялық тіркеу арқылы заңсыз құжат рәсімдеу фактілері болмайды.

Сондай-ақ заң жобасы негізінде 17 заңнамалық актіге, оның ішінде Қазақстанның 5 кодексі мен 12 заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу көзделген.

Айта кетейік, желтоқсанның 6-ында 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы Заң бекітілді.

Елімізде 2024 жылы зейнетақы 9 пайызға өседі

Республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, 2024 жылы базалық зейнетақы – 7 пайыз өссе, ынтымақты зейнетақыға 9 пайыз қосылады. Заңға сәйкес, индексация жоспарлы инфляция деңгейінен 2 пайыз артық жасалады. Орташа жиынтық зейнетақы 2023 жылғы 1 желтоқсанда 120 838 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 950 теңге, базалық зейнетақы – 37 888 теңге.

2024 жылы Қазақстанда орташа зейнетақы 10 мың теңгеге өседі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.

Министрдің айтуынша, 2023 жылы орташа зейнетақы мөлшері 120 мың теңге болса, 2024 жылы 130 мың теңгеге жетеді. Бұл БЖЗҚ төлемдері қосылмайтын бюджеттен төленетін зейнетақыға қатысты.

Сонымен қатар, елімізде кеншілер зейнетке 55 жасында шыға алады. Ол үшін екі талапқа сай болуы керек: жасы 55-тен асуы және кейінгі 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы қажет.

2024 жылы 1,8 миллионға жуық адамның ең төменгі еңбекақысы өседі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі президент тапсырмасына сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшерін 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге арттыру 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асатынын хабарлады.Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Мемлекет басшысының айтуынша, еңбекақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есе көбейді.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады

Ауқымды жоба 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылмақ. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50%-ы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ.

Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептеледі. Бала 18 жасқа толғанда БЖЗҚ-да оған арналған нысаналы жинақтау шоттары ашылады. Бұл шоттан ақшаны тұрғын үйге және білім алуға пайдалануға болады.

Ата-аналар баласының шотына түсетін қаржыны БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отыра алады.

Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жыл үшін $160–170 алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда, $3,5 мың алуы мүмкін.

2024 жылдың 1 қаңтарында жалпыға бірдей декларациялау науқанының үшінші кезеңі басталады

Елімізде мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен жұбайларға қатысты жалпы декларациялаудың екі кезеңі өтті. Барлығы 2,6 миллион адам қамтылған. Декларацияда Қазақстан Республикасының азаматтары нақты мынандай мәліметтерді ұсынуға тиіс:

1.Бағалы қағаздар,

2.Цифрлық активтер,

3. Үлестік қатысу шарттары,

4.10 мың АЕК немесе 34,5 млн теңге шегіндегі қолма-қол ақша,

5.Шетелдегі жылжымайтын мүлік

6.Автокөлік құралдары

Егерде декларация тапсырмаса не болады?

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 272-бабының 1-тармағына сәйкес, салық органы алғаш рет ескертумен шектеледі. Сондай-ақ, егер адам декларацияда толық емес немесе нақты емес мәліметтер берген жағдайда да бірінші ретте ескерту жасалады. Ал енді тіпті елемейтін болса, онда айыппұл салынады. Атап айтқанда, есепті уақытылы өткізбеген жағдай қайталанса, онда 15 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Қате тапсырған кез де қайталанса, онда айыппұл — 3 АЕК.

Айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгереді

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгереді. Яғни айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болады.  2023 жылы 1 АЕК 3 450 теңге болған еді. Сәйкесінше, айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгергендіктен, әлеуметтік төлемдер көлемі де артады.

Балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар да өседі

Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап  балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар да өседі. 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, ал 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды.

Ал көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды;

Мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы

– I топ мүгедектігі бар адамдарға 95 496 теңге;

II топ – 76 397 теңгеге дейін;

III топ – 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылады.

Еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылғандар үшін  төлем мөлшері өседі

2024 жылғы 1 қаңтардан Қазақстанда еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылғанда тағайындалатын төлем мөлшері 7 пайызға өседі. Ол әлеуметтік сақтандыру корынан төленеді.

Бұл қаражат еңбекке қабілеттілікті жоғалтқан 87 мыңға жуық адамды және асыраушысынан айырылған 59 мың отбасын қамтиды. Оған қосымша 5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады.

Балалардың төлқұжаты арзандайды

Халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіруге байланысты қабылданған нормалар негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде балалардың төлқұжаты екі есе арзандайды.

«Қабылданған нормалар кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспорттар үшін мемлекеттік баж салығын 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін төмендетуді, паспортты беру үшін оның беттерінің санына қарай, яғни мемлекеттік баж ставкаларын енгізуді көздейді. 16 жасқа дейінгі балаларға – 4 АЕК, 36 беттен тұратын төлқұжаттар – 8 АЕК, 48 беттік төлқұжаттар – 12 АЕК болады», – деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Жеке куәлік пен паспорт жасату қымбаттайды

Қазақстанда 2024 жылдан бастап құжат алу бағасы өседі. Оған айлық есептік көрсеткіштің жыл сайын көтерілуі себеп. 1 қаңтардан бастап АЕК 3 692 теңгені құрайды. Осыған байланысты құжат алған кезде төленетін мемлекеттік баж мөлшері де артады.

Қазақстандықтар жеке куәлікті 738 теңгеге (0,2 АЕК), 36 беттен тұратын стандартты паспортты 29 536 теңгеге (8 АЕК) жасатады. Ал 48 беттік төлқұжат үшін мемлекеттік баж мөлшері – 44 304 (12 АЕК).

Сондай-ақ, неке қию туралы куәлік – 3 692 теңге (1 АЕК) және қайта алу – 1 846 теңге (0,5 АЕК), жүргізуші куәлігі – 4 615 теңге (1,25 АЕК) және ажырасу туралы өтініш беру үшін – 7 384 теңге (2 АЕК) төлейді. Ал туу туралы куәлік тегін беріледі. Бірақ бұл құжатты алуға қайта өтініш берген жағдайда 1 846 теңге (0,5 АЕК) төлеу керек.

Сондай-ақ оқыңыз