2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі Kazinform агенттігіне ақпарат берген.
Швейцарияның Қазақстандағы елшісі Салман Балмен және Швейцарияның су ынтымақтастығы мәселелерімен айналысатын агенттігінің Blue Peace Central Asia (BPCA) бағдарламасының өкілдерімен кездесу кезінде Қазақстанның су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірде халықаралық су-энергетикалық консорциум құру мәселесін көтерген.
«2024 жылы Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отырмыз. Сондықтан Blue Peace-пен бірлесіп Орталық Азия елдерінің су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылы мәселелерін қозғаймыз. Жаңа кадр даярлауға және су саласында жұмыс істеп жүрген мамандарының біліктілігін арттыруға мүдделіміз», – деді су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов.
Бағдарлама аясында Өзбекстан аумағында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қатысатын гидрогеологиялық болжау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама Орталық Азия елдері арасындағы су ағындарын бақылауға мүмкіндік береді.Blue Peace Central Asia өкілдері жоба аясында Халықаралық Аралды құтқару қоры және Дүниежүзілік банк Орталық Азия үшін іске асырып жатқан су-энергетикалық бағдарлама (Cawep) шеңберінде су ресурстарын басқарудың өңірлік институттарын нығайту, сарапшыларды тарту және тәжірибе алмасу, трансшекаралық гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және реконструкциялау жұмыстары іске аспақ.
Осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысында Ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын автоматтандырылған жүйе енгізу де бар.
2050 жылға қарай Сырдария мен Әмударияның су деңгейі 15 пайызға азаяды. Ал қос өзеннің суы тартылса, Арал теңізінің жағдайы одан әрі қиындай түспек. Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана халықаралық форумында» Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдау үшін көбірек қаржы бөлуге шақырған болатын.
Экологтардың дерегінше, Арал теңізінің құрғаған қайраңының жалпы аумағы 2 млн гектарды құрайды. Ал, Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен құтқару жобасы халықаралық донорлардың да назарында.
Атап айтқанда, қазіргі таңда Дүниежүзілік банк пен Қазақстан үкіметі экология саласындағы қолға алынуы мүмкін болашақ жобаларға қатысты консультациялар жүргізіп жатыр. Бұл туралы Душанбеде өткен «Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі жөніндегі конференция-2023» кезінде Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша тұрақты даму секторының жетекшісі Джейн Эбингер мәлімдеді. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк Арал теңізінің солтүстігіне қатысты жоба әзірлеп жатыр