Автокөлікті сақтандыру икемді тарифке көшті

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:forumdaily.com

Жаңа жылдың басталуымен жүргізушілерге барлық сақтандыру төлемін қабылдау процесі оңтайландырылатын болады. Көлік құралдарын міндетті сақтандыру бойынша төлем алудың жеңілдетілген тәртібі (Еуропротокол) енгізілді.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап автокөлікті сақтандыру икемді тарифке көшеді. Міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру сыйақысын есептеу кезінде әрбір өңірдің жазатайым оқиғалардың коэффициенті есептеліп, әр аймақтың мақсатты шығын коэффициенті белгіленіп, соған байланысты тарифтер түзетілетін болады.

Атап айтқанда, жүргізушілер қаржы ұйымының сайты арқылы өтемақы алу үшін өтініш пен қажетті құжаттарды бере алады.

ARRFR мәліметтері бойынша, сақтандыру жағдайын реттеудің барлық процесі өтініштен бастап төлемге дейін тұтынушының жеке кабинетінде көрсетіледі және бірыңғай мәліметтер базасында тіркеледі.

Еуропалық хаттамаға келетін болсақ, бұл жол-көлік оқиғасы болған жерде автокөлік иелеріне жол полициясы қызметкерлерін тартпай және сотқа жүгінбей оқиғаны рәсімдеуге мүмкіндік береді. Алайда бұл процедураны апатқа екі көлік қатысқан, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірілмеген, басқа адамдардың мүлкі зардап шекпеген жағдайда ғана қолдануға болады.

«Бұл ретте екі жүргізушінің де міндетті сақтандыру полисі болуы керек, ал келтірілген шығын мөлшері 100 АЕК – тен (369,2 мың теңге) аспауы керек»,– деп түсіндірді агенттік.

Осылайша, еуропалық хаттама төлемді алу мерзімін алты жұмыс күніне дейін қысқартты, оның ішінде залалды бағалау үшін үш күн. Сонымен қатар, ол жол полициясы мен соттарға жүктемені азайтты.

Сақтандыру қызметтерінің ішінде автокөлікті сақтандыру сегменті белсенді жұмыс істейді, олай болатын себебі қызметтің бұл түріне деген сұраныс деңгейі өте жоғары. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша (2023 жылдың маусым айының басындағы мәлімет) 4,5 млн автосақтандыру полисі рәсімделді, оның ішінде 0,27 млн-ы – ерікті полис. Айта кету керек, ерікті автосақтандыру көлемі де өсіп жатыр. Жалпы, автосақтандыруға қатысты әртүрлі қауесет пен шындыққа жанаса бермейтін әңгімелер ара-тұра тарап кетіп жатады. Осыған орай сақтандыруға қатысты нені білу керектігі жайлы жазған болатынбыз.

Сондай-ақ оқыңыз