Жаңалықтар

2024 жылға арналған АЕК, ЕТЖ көлемі қанша?

2024 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3692 теңге./Фото: shutterstock

Елімізде 2024 жылға арналған айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі жалақының жаңа мөлшерлемесі енгізілді.

Қазақстан Республикасының «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңнамасына Президент 5 желтоқсанда қол қойған болатын. Заңнамаға сәйкес 2024 жылы жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ өсімпұлдарды, салықтарды және басқа да төлемдерді есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3692 теңгені құрайды.

Яғни «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының 2024 жылғы 1 қаңтардағы Заңына сәйкес:

Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 2024 жылы 85 000 теңгені құрайды.

2024 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3692 теңге.

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге.

Ең төменгі зейнетақы мөлшері – 57 853 теңге.

Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс минимумы 43 407 теңгені құрайды.

Осыған орай, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60 %-дан 65 %-ға дейін ұлғайтылатын болады, бұл 28 215 теңгені құрайды. Ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 %-ға дейін арттырылып, 45 578 теңгені құрайды.

Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап  балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар да өседі. 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, ал 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды.

Ал көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды.

Бұл көрсеткіштер жыл сайын тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленеді.

Еске салар болсақ, Мемлекет басшысы 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жасаған Жолдауында ең төменгі айлық жалақы мөлшерін 85 мың теңге көтеруді тапсырған.

«Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөлшерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді», – деген Президент.

Айта кетейік, 2023 жылы АЕК – 3 450 теңге, ең төменгі жалақы – 70 000 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 24 341 теңге, ең төменгі зейнетақы – 53 076 теңге, құны негізгі әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған күнкөріс деңгейі – 40 567 теңге болған.