“Қазатомөнеркәсіп” Қытай АЭС-на жаңа типтегі жылу бөлгіш құрастырмалар жөнелтетін болады
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы «А типті AFA 3GTM» дизайнындағы жылу бөлгіш құрастырмалар (ЖБҚ) өндіру үшін сәтті сертификаттаудан өткенін хабарлады. Нәтижесінде комбинатта шығарылатын өнім желісі кеңейеді.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ҚХР АЭС-тері үшін ядролық отын дайындайтын «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорнында «А типті AFA 3GTM» дизайнындағы жылу бөлетін құрамаларды өндіруді сертификаттау процесінің сәтті аяқталғанын хабарлайды. Өнімнің барлық міндетті талаптарға, нормалар мен сапа стандарттарына техникалық сәйкестігін растайтын құжатты технология иесі – Framatome француз компаниясы тапсырды», деп жазылған таратылған хабарламада.
Жалпы ЖБҚ өндірісін сертификаттау жұмыстары 2023 жылдың наурыз айында басталып, төрт кезеңде өткен. Сертификаттау процесін кәсіби, уақтылы және сапалы қамтамасыз етуді «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС-тің барлық құзыретті қызметі ұйымдастырған.
Ақпаратқа сәйкес, бұл сертификаттау зауытқа «АА типті AFA 3GTM» дизайнындағы ЖБҚ-ға қосымша «А типті AFA 3GTM» дизайнындағы ЖБҚ шығаруға мүмкіндік береді, осылайша шығарылатын өнім желісі кеңейеді.
2024 жылы компания «А типті AFA 3GTM» дизайнындағы ЖБҚ-ны өнеркәсіптік өндіруге кірісіп, ҚХР-дағы атом электр станцияларына тиісті типтегі ЖБҚ партиясын жеткізуді жоспарлап отыр.
С отыны – жылу бөлгіш құрастырмалар – инженерлік конструкция, оның жақтауына жылу бөлетін элементтер (жбэлдер) – уран таблеткаларымен толтырылған түтіктер орналастырылады. Бұл уран таблеткалары Үлбі зауытында дайындалады.
«Үлбі-ЖБҚ» зауыты, өндірістік қуаттылығы жылына ЖБҚ түріндегі 200 тонна уран, 20 жылдық кепілді өткізу нарығына ие. Инновациялық өндірісті іске қосу Қазақстанға атом электр станциялары үшін ядролық отын өндіруші және жеткізуші мемлекеттердің шектеулі тобына кіруге мүмкіндік берді.
Қазатомөнеркәсіптің бағалы қағаздары Лондон қор биржасында, Astana International Exchange биржасында және Қазақстан қор биржасында орналастырылған. Қазатомөнеркәсіп – Қазақстан Республикасының Ұлттық атом компаниясы, топтың негізгі клиенттері – атом өндіруші қуаттардың операторлары, ал өнімдерге арналған негізгі экспорттық нарықтар – Қытай, Оңтүстік және Шығыс Азия, Солтүстік Америка және Еуропа.