«Көктемге дейін жеңілдік көбейеді»: 2024 жылы автомобиль нарығын қандай өзгерістер күтіп тұр?
2022 және 2023 жылы Қазақстан нарығынан бірқатар әлемдік брендтер кетіп қалды
Қазір ел аумағында 4 млн шамасында автомобиль зыр қағып жүр. Аз емес. Соңғы 20 жылда көлік саны 3 есе өскен. Соған қарамастан отандық автопарк кәрі күйінде қалып отыр.
TERRA MOTORS компаниялар тобының бас директоры Кирилл Шевченконың айтуынша, 2022 және 2023 жылы Қазақстан нарығынан бірқатар әлемдік брендтер кетіп қалды. Олар – Mazda, Nissan, Renoult, Volkswagen және Skoda. Бірақ Mitsubishi қалған. Алайда бұл моделді ел арасында ерекше сұранысқа ие деп айту қиын. Әзірге нарықтағы беделін сақтап тұрған бірегей көлік – Toyota Camry.
130 мыңнан астам көлік құрастырылды
Қазақстан автомобиль одағының дерегінше, 2023 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында отандық зауыттар 1,65 трлн теңгеге 136 909 транспорт құралын шығарған. Оның көбі, яғни 124 491-і – жеңіл көліктер. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қостанайдағы (Allur) зауыт 82 мыңнан астам техника шығарыпты. Басқа қалалардағы көрсеткіш мынадай:
- Алматы (Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty) – 46 159 көлік;
- Семей («СемАЗ», Daewoo Bus Kazakhstan) – 3876 көлік;
- Қарағанды облысы (QazTehna) – 1405 көлік;
- Көкшетау («КамАЗ-Инжиниринг») – 1200 көлік.
TOYOTA, VW, Renault, Nissan және басқа да ресейлік өндірістің жеткізілімдері тоқтағаннан кейін, Қазақстанның авто нарығындағы республикалық және өңірлік ойыншылар Қытайдан импорттық автомобильдерді жеткізу есебінен брендтер портфелін қалыптастыра бастады.
Елімізде құрастырылып шығарған көліктердің көшін Hyundai, Chevrolet, Kia, Jac және Jetour бастайды. Байқағанымыздай көп құрастырылатын көліктер рейтингінде қытайлық маркалардың бәсі биіктей бастаған. Оны статистика қуаламай ақ, көшеге шыға салып та көруге болады. Жоғарыда айтылған екі маркадан бөлек, Haval, Changan, Chery және Geely көліктерін де көптеп кезіктіреміз. Әрі бұл көліктердің біразын елімізде құрастыру туралы бастамалар да көтеріліп, олар ресми келісімдермен бекітілді. Қытайлық көліктер бізді ғана емес, Еуропа нарығында да көбейе бастаған. Bloomberg мәліметінше, жергілікті автоөндірушілер бұл тенденцияға тосқауыл қоюға мүдделі екен.
2024 жылы бірнеше зауыт салынады
Қазақстан автомобиль одағының өкілі Қайрат Еламановтың айтуынша, құны 164 млрд теңге болатын қытайлық Chery, Haval және Changan брендтерін өндірумен айналысатын Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауытының құрылысы басталады. Жылына 90 мың бірлік шығаратын қуаттылыққа ие зауыт құрылысын аяқтау 2024 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған.
Сондай-ақ 2025 жылдың бірінші тоқсанында Қостанайда жыл сайынғы қуаттылығы 70 мың бірлік болатын Kia автомобильдерін құрастыратын жаңа зауыт құрылысы мәресіне жетпек. Бұл ретте кәріс серіктестерінің тікелей шетелдік инвестиция ретінде зауыт құрылысына 90 млрд теңге құятынын да айта кету керек. Бұған қоса Алматыда Exeed маркалы автомобильдерді құрастыратын кәсіпорын құрылысын бастау жоспарда бар. Аталған зауыт қуаттылығы жылына 80 мың көлік болмақ. Салынатын инвестиция көлемі – 72 млрд теңге.
«Қытай техникалары Қазақстан нарығы үшін таңсық емес. Бұған дейін Yutong, Golden Dragon, DongFeng, Shacman, Howo секілді автобус брендтері отандық нарыққа келген еді. Жалпы, Қытай мен Қазақстан автоөндірушілері арасындағы стратегиялық серіктестік тұтынушыларды алуан түрлі және сапалы көліктермен қамтамасыз етіп қана қоймай, автомобиль өнеркәсібі өсімін ынталандырады, сонымен қатар жұмыс орындарын құрып, экспортты өркендетеді. Бұл өз кезегінде экономикаға оң әсер етіп, жергілікті автомобиль секторының нығаюына үлесін қосады», – дейді сарапшы.
«Астана Моторс» компаниясының негізін салушы Нұрлан Смағұловтың айтуынша, қытайлық автоөнеркәсіп әлемдік нарыққа түрен салып жатыр.
«Жақын арада біздің қытайлық әріптестеріміз электрлі және гибридті автомобильдер жеткізе бастайды. Біз қазір қытайлық лидерлерді Қазақстан нарығына әкелу бойынша белсенді келіссөз жүргізіп жатырмыз», – дейді бизнесмен.
Айта кетейік, «Астана Моторс» қазіргі уақытта қытайлық Haval, TANK, Chery және Changan брендтерін құрастырады.
«Біз нарыққа құны шамамен 8-9 млн теңге болатын қолжетімді модельдерді алып келгіміз келеді. Бұл баға сегменті Қазақстанда ерекше сұранысқа ие. Сондай-ақ Алматының индустриялық аймағында салынып жатқан Chery, Haval, Changan мультибрендтік зауытында шығарылатын модельдер анықталды», – дейді Смағұлов.
Биыл 200 мыңға жуық көлік сатылды. Бұл – рекорд
Orbis Auto автомобильдер тобының бас директоры Динара Ысқақованың айтуынша, 2023 жыл автомобиль нарығының ерекше өсуімен есте қалды.
«Нарық өсімі 50-55 пайыз болды. Өсім бұрын жүрілген көлік сатып алған тұтынушылардың енді жаңа көлік алуымен байланысты болды. Соңғы үш жыл бойы нарықта айтарлықтай тапшылық орнап, кейінге қалдырылған сұраныс пайда болған еді. Біздіңше, жыл қорытындысында 193 мың бірлік көлік сатылады. Бұған дейінгі жоғары көрсеткіш 2013 жылы тіркелген еді – ол кезде ел тұрғындары 165 мың жаңа көлік сатып алған. Азаматтардың көбірек жаңа көлікке қызығуы таңдаудың кеңеюімен байланысты. Жаңа брендтердің келуі 2022 жылы басталды және 2023 жылы қыза түсті», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, нарыққа қытайлық көліктердің кіруі әзір тоқтамайды және брендтер саны арта түседі.
«Бірақ процесс шексіз болмайды. Бәлкім, әлі күшті емес жеке маркалар ел нарығынан шығады. Бәсекелестік күшті және мұнда бәрі бірдей қалмайды. Егер бренд күшті болса, оның мықты сапасы, тартымды бағасы, сапалы қызметі, жақсы кепілдік саясаты болса, онда ол қалады. Егер бренд әлсіз болса және баға сапаға сәйкес келмесе, сервис нашар жұмыс істесе, онда сатылым сөзсіз төмендейді. Мұндай маркалар біздің нарықтан кетеді. Сондай-ақ қазақстандық жаңа автомобильдер нарығының сыйымдылығы шектеулі екенін де түсіну керек. Жаңа көлік сатып алуға дайын адамдардың белгілі бір саны бар. Сандық тұрғыдан алғанда, сатылымдар арзан «бюджеттік» автомобильдер сегментінде көбірек өседі», – дейді Динара Ысқақова.
Автонесие көлік паркін жаңарта алмады
Мемлекет 2015 жылдан бастап отандық автопаркті жаңартуға күш салып, арнайы жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын шығарған еді. Алайда жақында арнайы зерттеу жүргізген Ұлттық банк жеңілдетілген автонесие бағдарламасы отандық автокөлік нарығы үшін тиімсіз болды деп мәлімдеді.
«Жеңілдетілген автонесие бағдарламасы отандық автоөндірісті ынталандыру, халықты елімізде құрастырылған жаңа көліктермен қамтамасыз ету, ескірген паркті жаңалау және қоршаған ортаның ахуалын жақсарту мақсатында қолға алынды. Тиісінше, бағдарлама атаулы емес, оған кез келген азамат өтінім бере алатын және бағасы 15 млн теңгеден аспайтын көліктер сатылымға шығарылды. Бағдарлама жүзеге асқан жылдарға қарап отырып жоба тиімді болды, автокөлік нарығындағы түйткілдерді тарқатты деп айта алмаймыз», – дейді авторлар.
2015-2022 жылдар аралығында 182 млрд теңге бөлінген. Револьверлік механизм есебінен берілген займдардың жалпы сомасы 7 жылда 299,3 млрд теңгеге жетіп, осынша сомаға 47 297 автомобиль сатылған.
«Жеңілдетілген несие бағдарламасы жүзеге асырылған 7 жылда отандық автомобиль паркінің құрылымы айтарлықтай өзгерген жоқ. Жеңілдетілген автонесие беру ескірген көлік үлесін төмендетуге үлес қоспады. Бағдарламаның 2015-2016 жылғы кезеңі ғана отандық автоөнеркәсіптің дамуына септесті. Ол елімізде құрастырылған автокөліктерге деген халық сұранысын ынталандырды. Кейінгі жылдары жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында сатып алынған көлік үлесі біршама төмендеп кетті. Автомобиль өндірісі көлемінің өсімі басқалай мемлекеттік қолдау шараларымен ынталандырылды. Атап айтқанда – салық жеңілдіктері және преференциялар, өнім экспортын қолдау шаралары, өнім өндіруге кеткен шығынның бір бөлігін өтеп беру секілді. Бұл ретте, саланы дамытудың көрсеткіші болып саналатын жеңіл автокөлік өндірісі көлемінің оң серпініне қарамастан, жеңіл автомобильдер өндірісіндегі ірі торапты құрастыру үлесі айтарлықтай сақталуда. Жеңіл автомобильдерді өнеркәсіптік құрастыруға арналған импорттық қосалқы бөлшектердің көлемі (шассилер, шанақтар және басқа да шанақ керек-жарақтары) абсолютті мәндерде өсті, бұл ірі өндіріс көлемінің төмендеуін және қазақстандық автоөндірушілердің шағын көлікке көшуін көрсете алмайды», – дейді Ұлттық банк зерттеушілері.
2015 жылдан бастап жеңіл автомобилдердің өнеркәсіптік өндіріс көлемі құндық мәнде 14 есе, физикалық көлемде 8,5 есе өскен. 2015 жылы сол жылы өндірілген көліктердің 36 пайызы жеңілдетілген несиелеу аясында сатылса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 79 пайызды құраған. Алайда кейінгі жылдары бұл қарқын өз биігінде қалмады және 15 пайыздан сол күйі аспады. Аналитиктердің айтуынша, 2015-2022 жылдар аралығында елімізде 357 335 бірлік жеңіл автомобиль құрастырылды. Соның 13 пайызы ғана жеңілдетілген бағдарлама шеңберінде рәсімделген. Жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы болған 7 жыл ішінде Қазақстанда тіркелген жеңіл машиналардың жалпы санының тек 1 пайызы осы бағдарлама шеңберінде сатып алынған.
2024 жылы көлік бағасы арзандай ма?
Сарапшы Санжар Боқаевтың айтуынша, отандық автокөлік нарығы қалпына келе бастады және бұл ретте отандық автоөнеркәсіптің арқасында емес.
«Баға екі себептен төмендеп жатыр. Бірінші себеп – автопром олигархтарының сараңдығы. Олигархтар монополия мен тосқауылдарды қолдана отырып, артық пайда тапқысы келді және бағаны тым жоғары көтерді, бұл азаматтарды қол жетімді машиналарды күтпей-ақ, өз бетінше көбірек көлік әкелуге мәжбүр етті. Сөйтіп, Үкіметтің жасап отырған жасанды тапшылығын жойды. Екінші себеп – халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі. Әрине, утиль алымның 50 пайызға төмендеуі және жаһандық нарықта автомобиль өндірісінің ұлғаюы да өз рөлін атқарды. Бірақ кез келген жағдайда Қазақстанның автомобиль нарығы қалпына келе бастады, бәсекелестік пайда болды. Мұның бәрі қарапайым қазақстандықтардың еңбегі», – дейді Боқаев.
Автожурналист Олжас Оқастың айтуынша, 2024 жылы көлік бағасы арзандайды.
«Былтыр автонарық толық қалпына келді. Авторитейл 60 пайызға өсті. Қазақстанда ешқашан осынша көлемде көлік сатылған емес. Әр сатылған үшінші көліктің қытайлық марка екенін де айта кету керек. Жаңа брендтердің көбеюімен бәсекелестік те өсті. Тұтынушы дилерден жеңілдік талап етеді. Тиімді қаржылық бағдарламалар керек. Көресіздер, көктемге дейін керемет акциялар болады. Өйткені нарық автомобильдерге толып қалды. Қанша машина сатылмай тұр. Пандемия кезінде 28 млн-ға дейін жеткен камри бағасының өзі құлдырап кетті. Жеңіл көліктің орташа бағасы 2-3 пайызға төмендеді», – дейді ол.
Ал «За рулем» журналының бас редакторы Алексей Алексеевтің айтуынша, биыл қытайлық бренд саны көбейеді, сонымен бірге Chevrolet, Kia, Hyundai және Toyota маркалары ерекше сұранысқа ие болады.
«Баға елдегі экономикалық ахуалға және ұсыныс санына байланысты өзгереді. Тым көп сұраныс бағаны өсіруі мүмкін, бірақ тапшылық уақыты кетті, сатылым тек арта түседі. Баға аздап қана өсуі мүмкін. Әдетте әрбір жаңа модель опциялардың үлкен жиынтығына және түйіндер мен агрегаттарды жетілдіруге байланысты бұрынғыға қарағанда автоматты түрде қымбатырақ болады», – дейді сарапшы.