Жаңалықтар

Жылдық инфляция желтоқсан айының қорытындысы бойынша 9,8%-ды құрады

Бензин мен дизель отынының қымбаттауы инфляцияға әсер етеді
Бір жылда азық-түлік бағасы 8,5% өсті / shutterstock

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, бір жыл ішінде азық-түлік бағасы 8,5%, азық-түлік емес тауарлар 9,1%, қызметтер көрсету 12,4%-ға өсті. Ал, жылдық инфляция 2023 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша 9,8%-ды құрады. 

2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы жүзім бағасы – 45,1%, күріш бағасы – 34,3%, парацетамол – 76,2%, ацетил қышқылы – 51,4% өсті. Бір жылда қарақұмық – 22,6%, күнбағыс майы – 18%, құмшекер – 15,8% арзандады.

2023 жылы желтоқсанда тұтыну бағасының индексі баяулап, 0,8%-ды құрады, қарашада 1% болған. Азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,9%, қызмет көрсету – 0,8%, азық-түлік емес тауарлар- 0,5% қымбаттады. Желтоқсанда азық-түлік өнімдерінен жүзім бағасы – 5,4%, жұмыртқа – 4,1%, жаңа піскен жемістер – 2,1% өсті.

Кешенді демалысты ұйымдастыру қызметінің бағасы – 4,2%, шаштараздар мен сұлулық салондары – 1,6%, қоғамдық тамақтану – 1,2% қымбаттады. Ал ұшақтардағы қызмет бағасы –12,8% арзандады.

Электр жылыту бағасы – 1,2% – ға, отын – 0,7%, көмір– 0,6% қымбаттады. Ал дәрі-дәрмек бағасы 1,1% өсті.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Атырау облысында – 1,4%, ең төмені – Ұлытау, Ақтөбе және Павлодар облыстарында – 0,3% тіркелді.

Азық-түлік бағасы Алматыда ең көп қымбаттаған, яғни 1,3%-ға өскен. Астана мен Батыс Қазақстан облысында азық-түлік емес тауарлардың бағасы 1,5%, Атырау облысында ақылы қызметтердің бағасы 4,1% өсті.