Ресми жауап: «Otau TV» ресейлік телеарналардың трансляциясын неге тоқтатты?
Жаңа жылдың алғашқы күнінен бастап «Otau TV» операторы бірқатар ресейлік телеарналардың трансляциясын тоқтатты. Бұл туралы «Курсив» тілшісіне TV Com Қазақстан нарығына жерсеріктік телерадио хабарын тарату операторы мәлімдеді.
Қабылданған шешімге байланысты абоненттердің «Дом кино», «Музыка первого», «Первый канал СНГ», «Время», «Карусель», «Бобер», «Теле кафе», «Победа», «О!», «Поехали» каналдарын көру мүмкіндігі шектелді.
«Премиум санатындағы ойын-сауық арналарының тізімін кеңейту туралы шешімнің қабылдануына байланысты жаңа жылдан бастап 10 арнаның көрсетілімі тоқтатылды», – деп нақтылады компания көпшілікке таратқан ресми жауабында.
TV Com-ның түсіндіруінше, 1 қаңтардан бастап «ПКВС Қазақстан» ЖШС телеотбасының телеарналарын хабарлар кестесінен алып тастауға ойын-сауық контентінің үлесін ұлғайту және «жаңалық тарататын шетелдік арналардың үлесін қысқарту ниеті негіз болған.
Компанияның мәлімдеуінше, «Бірінші арнаның» контенті эксклюзив болып саналмайды және оны ғаламтор арқылы тегін көру мүмкіндігі бар. Ал «Еуразия бірінші арнасы» «Otau TV» желісінде хабар таратуын жалғастыра береді.
Белгілі болғандай, көрсетілімі тоқтатылған каналдарды Ресейдің басқа каналдары алмастырады. Алдағы уақытта телекөрермендер «Родное кино», «Наше новое кино», «Автоплюс», «КВН», «MMA TV», «Кухня ТВ», «Кто есть кто» және басқа да каналдарды тамашалайды. Бұған қоса тұтынушыларға Discovery телетоптамасының бағдарламалары ұсынылады.
Қабылданған шешім «Otau TV» абоненттеріне әрқилы әсер етті. Тұтынушыларды қолдау чатында бір топ бұл бастаманы қолдаса, екінші топ наразылық білдірді. Азаматтардың басым бөлігі басқа операторға ауысудың машақаты мен көрсетілмейтін қызметке алдын ала төлем жасап қойғандарына шағымданды.
«ПКВС Қазақстан» ЖШС – Қазақстанға ресейлік телеарналарды, оның ішінде «Бірінші арна» мен оның еншілес телеарналарын тарататын компания. Серіктестік «Бірінші арна» АҚ еншілес ұйымы болып табылады. 2016 жылы құрылған компания Алматы қаласында орналасқан. Бас директоры – Алексей Владимирович Рудченко.
«Отау TV» – телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ қарасты сауда белгісі. 2019 жылы сыйға тарту шарты бойынша компанияның 100% акциясы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің иелігіне өткен.
«Бірінші арна» АҚ TV Com-ның мәлімдемесін жоққа шығарып, «Отау TV» операторынан ресейлік телеарналардың алынып тасталуын басқаша түсіндірді. Белгілі болғандай, TV Com компаниясының 2022 жылдан бері өтелмеген қарызы бар. Тараптар 2024 жылға дейін келісімге келе алмаған. Бұл туралы БАҚ-қа берген сұхбатында «Бірінші арна» АҚ Қазақстандағы ресми өкілі Ирина Калашникова баяндады.
«2023 жылғы 31 желтоқсанда «Қазтелерадионың» ресми серіктесі TV Commerce операторының лицензиялық келісімінің мерзімі аяқталды. TV Commerce басшылығымен ұзақ келіссөз жүргізгенімізге қарамастан, 2024 жылға арналған келісімшарт жасалмады. Бұған оператордың 2022-2023 жылдары пайдаланылған құқығының өтелмеген қомақты қарызы себеп болды», – деді Ирина Калашникова.
Оның айтуынша, компания «соңғы уақытқа дейін» қарым-қатынасты сақтауға тырысты, жеңілдік жасады және бөліп төлеуге мүмкіндік берді.
«Келісім-шартымызда қарастырылғанына қарамастан, біз бір жыл бойы оператормен тілтабысуға тырыстық, айыппұл салмадық. Алайда қарыз көлемі ұлғая берді. Осыған байланысты осындай шешім қабылдауға мәжбүр болдық. Бұл туралы операторға хабарладық. Бір жыл бойы ескертіп келдік», – деп қосты Ирина Калашникова.
Ол оператор қарызды өтейді, ынтымақтастық орнайды деп үміттенетінін мәлімдеді.
«Біз үшін оператордың үлкен немесе кіші болуы маңызды емес. Бізде барлығына тең мүмкіндік берілген. Биыл біздің цифрлық отбасымыздың телеарналар топтамасы «Лапки LIFE» телеарнасымен толықты. Бұл үшін операторларға бағаны қымбаттатқан жоқпыз. Біздің көрермендеріміз жақын арада сүйікті телеарналарын тамашалайды деп үміттенеміз», – деді Ирина Калашникова.