Қазақстанға келген шетелдіктер туристік жарна төлемейтін болды
Қазақстан Bed tax туристік жарнасын алудан бас тартты. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің сайтында жарияланған бұйрық жобаның түсіндірме жазбасында жазылды.
Құжатты Үкімет басшысының тапсырмасымен Туризм және спорт министрлігі әзірледі. Туристік жарнаны алып тастаудағы басты мақсат – отандық туризмнің алға ілгерілеуіне жағдай жасау.
«Туристік жарнаға орналастыру орындарында болу құнынан 0 (нөл) пайыз мөлшерінде ставка қолданылады. Туристік жарна мөлшері 0 АЕК дейін төмендеуіне байланысты қағидалардың бұл талабы мақсатқа сай емес болғандықтан алынып тасталсын», – деп жазылған бұйрық жобаның салыстырма кестесінде.
Өзгеріске дейін Қазақстанға келген әрбір шетелдік турист қонақүйдегі жатын орын ақысынан бөлек туристік жарна ретінде 0,2-ден 0,5 АЕК-ке дейінгі аралықта жарна төледі. Туристік жарна хостелдерде, қалалар мен аудандардағы жалдамалы тұрғын үйлерде тұрған шетелдік туристерден алынған жоқ. Туристердің жарнасы жергілікті бюджетке аударылды. Өткен жылы шетелдік туристер Қазақстанға 314 млн теңге жарна төледі.
Бұл бастаманы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдамады. Бизнес өкілдері туристік жарна онсыз да қалт-құлт етіп тұрған отандық туризмді тұралатып тастайтынын алға тартып, туристік жарнаны 2024 жылға дейін кейінге қалдыруды сұрады.
Туристерден жарна талап ету бастамасы осыдан 4 жыл бұрын көтерілді. Көпшілікке Қазақстанда туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарлама жобасын бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы таныстырған еді.
«Шетелдік туристердің саны 3 миллионға, ал ішкі туристердің саны 9 миллионға жетпек. Әрбір шетелдік біздің елге жыл сайын 2 мың доллар қалдырып кететін болады. Саланы дамытуға тартылатын 2 трлн теңгенің 70%-ын жеке инвестиция құрайды. Елдің жалпы ішкі өніміндегі туризмнің үлесі 9,6 млрд доллардан 16 млрд долларға дейін өседі», – деп мәлімдеген бағдарламаның таныстырылымында Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Ол бағдарлама туризм саласын мемлекеттік бюджеттен тәуелсіз ететінін айтып, Қазақстан туристер үшін аса тартымды 50 елдің қатарына қосылатынына сендірген.
Осыған дейін қонақүйге тоқтаған әрбір шетелдік туристен Bed tax ұсталды. Алдын-ала жасалған болжам бойынша осы салықтың арқасында аймақтарда кемінде 2,5 млрд теңге жиналуға тиіс болғанын жазған болатынбыз.