Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы жайлы өз пікірін білдірді. «Қаңтар оқиғасын» ол халық көтерілісі емес, төңкеріс деп бағалады. Бұл жайлы мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтқан.
«Қаңтар оқиғасына» кімдер кінәлі?
«Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт. Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды. Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады»,- дейді президент.
Мемлекет басшысының пікірінше қаңтарға «төңікерісшілер» жарты жыл бұрын дайындалған. Сұйытылған газдың бағасын көтеру де еш негізсіз болған.
«Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты. Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден аймаққа барды. Бірақ наразылық шерулері экстремистік сипат алды. Оны қаскөйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды. Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге болады. Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шиеленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диалогке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады. Көптеген аймақта алғашқы қақтығыстар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын. Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы бар қылмыстық топтар өршелене іске кіріскенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мемлекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды»,- деді ол.
Қаңтар оқиғасы қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін жасалғанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдаған. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу болған.
«Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құралдары бар. Оған қоса, көлік инфрақұрылымы және телекоммуникация нысандары шабуылға ұшырады. Қарақшылар мен лаңкестер өзара ұйымдасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді. Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді»,- дейді мемлекет басшысы.
Қазақстанды төңкерістен Ресей құтқарып қалды ма?
Журналист Қасым-Жомарт Тоқаевтан сол бір қиын сәтте ҰҚШҰ-дан көмек сұрау қаншалықты орынды болғанын сұраған. Президент өз жауабында сол кезде «Ресей Қазақстанды төңкерістен құтқарды» деген пікірдің де орынсыз екенін айтқан.
«Аймақтарда жаппай тәртіпсіздік белең алып, жергілікті билік дәрменсіздік танытқанда, Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Қазақстан оның бітімгерлік күштерін тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғана қысқа мерзімге енгізуді сұрады. Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік. Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқарып, қасіретті күндерде елді жайлаған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды. ҰҚШҰ бітімгерлік күштері лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Армения жасағы «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь жасағы Жетігендегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғыз Республикасының әскери қызметшілері Алматы қаласының бірінші және екінші жылу электр орталықтарын, Ресей жасағы үшінші жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысандарын күзетті. Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды. Сондықтан бітімгерлік күштер соларды күзетуге жіберілді. Ең бастысы, сол арқылы өз күштерімізді лаңкестікке қарсы операцияға жұмылдыруға мүмкіндік туды»,- деп жауап берген.
ҰҚШҰ араласуымен тоқтаған бұл төңкеріс салдарынан еліміздің 3 млрд долларға шығынға ұшыраған.
«Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеруге автомат, тапанша және суық қару ұстап барады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді. Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін»,- дейді президент.
Бұл оқиға Ата заңға сәйкес жұмыс істейтін орнықты әрі тиімді мемлекеттік институттар жүйесін құру ауадай қажет екенін көрсеткенін айтады Қасым-Жомарт Тоқаев. Тіпті бүлікшілер тергеу кезінде халықтан мұндай қолдау болады деп ойламағанын жеткізген. Еілімзі жауапты сәтте жұдырықтай жұмыла білген. Ал билік қандай қатерге де қаймықпай төтеп бере алған.
«Біз бір ел болып, бұл дағдарысты еңсердік, қиындыққа қасқая қарсы тұрып, одан тіпті шыңдалып шықтық. Азаматтарымыздың бекем бірлігінің және барлық деңгейдегі билік өкілдерінің батыл іс-әрекетінің арқасында алапат апаттың бетін қайтарып, елдегі ахуалды тұрақтандыра алдық. Кейін кейбір қаскөйлер тергеу кезінде халық жауапты сәтте жұдырықтай жұмыла біледі, билік қандай қатерге де қаймықпай төтеп бере алады деп еш күтпегенін мойындады»,- дейді мемлекет басшысы.