Тоқаев Ресейде өтетін президент сайлауына қатысты пікір білдірді

Жарияланды
Ресей­де өтетін президент сайлауы

Ресей­де өтетін президент сайлауы көптеген ел назарында / Фото: kursiv.media

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың наурыз айында Ресей­де өтетін президент сайлауы мен Қытаймен арадағы визасыз режим туралы пікір бідірді.

Ресей

Биыл Ресейде ғана емес, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Үндістанда, Әзер­байжанда және Еуропарламент депутаттарының сайлауы өтетінін айтқан мемлекет басшысы, бұл сайлау науқандарын жіті бақылайтынын жеткізді. Соның ішінде Ресейде өтетін президент сайлауының маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Ресейде өтетін президент сайлауы­ның біз үшін мәні зор екені сөзсіз. Өйткені Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнаған. Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені бар­шаға аян. Өткен отыз жылда мем­лекет­аралық байланыстардың іргесі беки түсті. Екі ел арасында 300-ден астам шарт пен келісім жасал­ған. Бар­лық саладағы екіжақты ынтымақ­тас­­тық тетіктері жұмыс істеп тұр. Жоға­ры деңгейдегі саяси диалог қарқын­ды дамып келеді. Біз көпжақты құрылымдар аясында, сондай-ақ өңірлік тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ықпалдаса әрекет етеміз»,  – деді ол.

Тоқаев Владимир Путиннің Қазақ­станға ресми сапарына тоқталып өтіп, оны екіжақты қатынасты жандандыра түскен негізгі оқиғалардың бірі бол­ғанын айтты.

«Біз келіссөз барысында мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен қарым-қатынасы шынайы достық сипатынан айнымайтынын тағы да нақтыладық. Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Екі елдің та­уар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болды. Өйтетін жөні де бар, біздің шекарамыз құрлықтағы ең ұзын шекара саналады. Ғылым-білім және мәдени-гумани­тарлық саладағы қарым-қатынасты нығайтуға әрдайым айрықша мән бері­леді. Биыл орыстың ұлы ақыны Алек­сандр Пушкиннің туғанына 225 жыл толады. Бұл – Ресей ғана емес, Қазақ­стан үшін де маңызды оқиға. Өйт­кені Пушкин – хәкім Абай сияқты, қос ха­лықтың достығы мен мәдени байла­ныстарының басты символының бірі», – деді президент.

Ол сонымен бірге жалпы солтүстіктегі көршіміздің әлемдік сая­сатта аса маңызды рөл атқараты­нын айтты.

«Ресей Федерациясы әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқарады және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуал­ға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұста­ны­мымен бүкіл әлем санасатыны жа­сырын емес. Бұл мемлекеттің қаты­суын­сыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық. Сондықтан Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады», – деді Тоқаев.

Қытай

Мемлекет басшысы сонымен бірге Шығыстағы көршіміз – Қытаймен де экономикалық ынтымақтастық орнатудың маңыздылығына тоқталды. Екі ел арасындағы визасыз режим туралы айтып, аспан асты елінен жөнсіз қорқа бермеуге шақырады.

«Қазақстан мен Қытай арасында виза­сыз жүру режімі күшіне енді. Мұ­ның мәні зор. Енді отандастарымыз көрші елге емін-еркін барып келе алады. Азаматтарымыз осы мүмкін­дікті оңтайлы пайдаланады деп үміттенемін. Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс. Қазіргі Қытай – өте жоғары дамыған, соның ішінде озық технология саласында зор табысқа жеткен мемлекет. Мұны бүкіл әлем мо­йындап отыр. Сондықтан шығыстағы көршімізбен ынтымақта болу, достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды»,дейді ол.

Тоқаев екі елдің қарым-қатынасы достық, тату көршілік және стратегиялық мәңгілік серіктестік рухында дамып жатқанын айтты. Сонымен бірге төраға Си Цзиньпинмен бірге екі ел арасындағы ынтымақ­тастықтың жаңа «алтын отыз жыл­дығына» қадам басқанын атап өтті.

«Мен былтыр Қытайға бір емес, екі мәрте сапармен бардым. Бұл – елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың айқын дәлелі. Қытай көшбасшысымен Сианьда және Бейжіңде мазмұнды келіссөздер жүргізіп, маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Оны жүзеге асырудың нақты жолдарын белгіледік. Осындай жеке жүздесулер Астана мен Бейжің­нің байланыстары жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары көпке үлгі болып отыр деп сеніммен айта аламын»,- деді президент.

Мемлекет басшысы екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келе жатқанын айтты. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бо­йынша 24,3 миллиард долларға жеткен.

«Бұл – жаңа рекорд! Қазір экспорт­қа шығарылатын отандық тауар түрлерін көбейтіп, ҚХР-ға жүк та­сы­малын арттыру үшін белсене жұмыс істеп жатырмыз. Қытай бұрын­нан Қазақстан экономикасына мол қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 мил­лиард доллар инвестиция салды. Қытаймен ортақ шекарамыздың болуы, Шығыс пен Батыстың арасындағы ұтымды жерде тұрғанымыз қытай тауарларын түрлі бағытқа Қазақстан аумағы арқылы тасымалдауға зор мүмкіндік береді. Өйткені Бейжіңде жоғары деңгейде өткен «Бір белдеу, бір жол» атты үшінші форум аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Соның ішінен Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесе дамыту жөніндегі келісімді және «Аягөз – Тачэн» бағытындағы темір жол құры­лы­сы туралы меморандумды атап өтуге болады. Бұл келісімдер еліміз­дің көлік-логистика саласына тың сер­пін беретініне сенімдімін. Қазақстан Қытай­­дың «Бір белдеу, бір жол» мега­жоба­­сын толығымен қолдайды. Был­тыр қазан айында Бейжіңде өткен форумда сөйлеген сөзім – осының тағы бір дәлелі», – деді Тоқаев.

Еске сала кетсек, осыған дейін «Курсив» Ресейде наурызда президент сайлауы өтетінін жазды. Сайлау өкізу туралы шешім Федералды кеңестің 556-шы жалпы отырысында қабылданған. Федералды кеңестің 162 депутатының барлығы бірауыздан сайлау өткізу туралы шешімді мақұлдаған.

Өз кезегінде Владимир Путин  2024 жылы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Ресей Федерациясының ОСК шешіміне сәйкес, Ресей президентін сайлау 2024 жылдың 15-17 наурыз аралығында өтеді. 

Сондай-ақ оқыңыз