2024 жылы елімізде 4,4 млн адамға зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 5,5 трлн теңгеге жуық қаражат жұмсалады
2023 жылы зейнетақы мен жәрдемақы шығындарына 4,7 трлн теңге жұмсалған / Фото: kursiv.media
2024 жылы әлеуметтік-еңбек саласына жұмсалатын бюджет 16%-ға артады. Бұл жайлы Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабаралуынша, жалпы 2024 жылы әлеуметтік-еңбек саласына республикалық бюджеттен шамамен 5 трлн 456 млрд теңге көлемінде қарастырылған. Бұл өткен жылғы бюджет шығыстарынан 16,3 %-ға артық. 2023 жылы бұл көрсеткіш шамамен 4,7 трлн теңгені құраған.
2024 жылға жоспарланған бұл шығыстардың 98,2%-ы немесе 5 трлн 355,5 млрд теңгесі 2,4 млн зейнеткерге зейнетақы төлеуге және 2,2 миллионға жуық азаматтың, яғни жалпы 4,6 млн адамның жәрдемақысын төлеуге жұмсалады.
«Республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. 2023 жылы жәрдемақылар мен зейнетақыларды төлеуге 4,4 млн адамға, оның ішінде 2,3 млн зейнеткер мен 2,1 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыға 4 трлн 689,3 млрд теңге жұмсалды»,- делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын таныстырған болатын.
«2024 жылға арналған кірістер 20,4 трлн теңге көлемінде болжанды. Трансфертсіз түсімдер 16,1 трлн теңгені немесе жалпы кірістің 80%-ын құрайды. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарлануда, оның ішінде 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт. Бұл қаражат әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау, инженерлік желілерді жаңғырту», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Министрдің айтуынша, жалпы, бюджеттің шығыстары 2024 жылы биылғы жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде болады. Республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталған.
Ал кеншілердің қосымша жәрдемақысына бюджеттен 85 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінетіні белгілі болды. Кеншілерге бұл қаражат 2024 жылдан бастап төлене бастайды. Бұл төлемді зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алады.
Нақтырақ айтсақ, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төлеуге 2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен шығыстар 84 754,8 млн теңгені құрайды. Бұл қаражатты республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаған.