АҚШ-тың сұрауымен Қазақстанда ұсталған хакер Ресейге экстрадицияланды – Бас прокуратура

Жарияланды
Никита кислицин

Никита Кислицин АҚШ-тың сұрауымен Қазақстанда ұсталған болатын / Фото: kursiv.media

Қазақстанның Бас прокуратурасы хакерлік шабуыл және бопсалау бойынша айыпталған Никита Кислицинді Ресейге экстрадициялау туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды ТАСС.

Экстрадициялау үрдісі желтоқсанда жүргізілген.

«2023 жылдың 21 желтоқсанында Кислицин белгіленген тәртіппен ресейлік құқық қорғау органдарының өкілдеріне берілді», – деп хабарлаған Қазақстан Бас прокуратурасының баспасөз қызметі ТАСС-қа берген жауабында.

Мәселенің мән-жайы

F.A.C.C.T. киберқауіпсіздік компаниясының қызметкері Никита Кислициннің Қазақстанда ұсталғаны мәлім болды. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан тарапы Кислицинді АҚШ-тың сұрауы бойынша 22 маусымда ұстаған. Хакердің Американың сұрауы бойынш ұсталуына он жыл бұрын журналист болып қызмет еткен жылдардағы оқиғалары себеп болған.

Ал Ресейдің тергеу мәліметтері бойынша, 2022 жылдың қазан айында Никита Кислицин мен оның сыбайластары компаниялардың бірінің сервер деректеріне заңсыз қол жеткізген. Ақпаратты көшіріп алған хакерлер ондағы ақпарат үшін криптовалютамен 550 мың рубль төлеуді талап еткен.

Солайша Мәскеудің Тверь аудандық соты 28 маусымда деректерге заңсыз қол жеткізген деген күдікпен Кислицинді сырттай қамауға алды. 

Көп ұзамай Ресейдің Алматыдағы Бас консулдығы Қазақстан билігіне нота жіберген болатын. Ресей тарапы оның қандай жағдайда ұсталғанын анықтауды және өз азаматының құқықтар мен мүдделері шектелмегенін анықтау үшін онымен кездесуге рұқсат сұраған. Сонымен бірге консулдық Қазақстан билігін Ресей азаматын АҚШ-қа жедел экстрадициялауға асықпауға шақырған.

Бірнеше күннен соң ҚР Бас прокурорының орынбасары Ұлан Байжанов Кислицин Ресей азаматы болғандықтан, Ресей тарапының сұранысы басымдыққа ие екенін мәлімдеген.

«Біз ең алдымен азаматтыққа қараймыз. Бұл жағдайда басымдық ресейлік тарапқа тиесілі. Бірақ біз ол азаматқа тағылып отырған барлық әрекеттің, соның ішінде Ресей тарапынан тағылған айыптардың ауыр екеніне көз жеткізуіміз керек», – деді Байжанов.

Сонымен бірге прокуратура өкілі Астана Ресей мен АҚШ-тың өтініштерінде көрсетілген негіздерді мұқият қарайтынын мәлімдеді. АҚШ-та оған тағылған айыпқа Қазақстанда қылмыстық жаза бар-жоғын анықтайтыны айтылды. Сонымен бірге Қазақстан тарапы жағдайды толық анықтап барып, шешім шығаратынын мәлімдеді. Бұл орайда бас Прокурордың орынбасары Кислициннің Қазақстаннан пана сұрауға құқы бар екенін де атап өтті

Никита Кислицин туралы ақпарат

Никита Кислицин 2006-2012 жылдары ақпараттық қауіпсіздік пен кибершабуылдарды зерттеуге арналған «Хакер» журналын басқарды. 2013 жылдың қаңтарында Кислицин Илья Сачков негізін қалаған Group-IB қазіргі F.A.C.C.T киберқауіпсіздік компаниясына жұмысқа орналасты. Ол бұл жұмыс орнында күрделі кибершабуылдарға кешенді қарсы тұру шешімдерін әзірлеу бөлімін басқарды. Қазіргі таңда F.A.C.C.T компаниясының негізін қалаушы Илья Сачков та қамауда. Ол Ресейге опасыздық жасады деп айыпталған.

Сондай-ақ оқыңыз