Жаңалықтар

Алматы әуежайының экс-президенті Айбол Бекмұхамбетов 8 жылға сотталды

Фото: shutterstock және facebook.com\airport.almaty

Алматы әуежайының экс-президенті Айбол Бекмұхамбетов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Авиациялық жанар-жағармай қызметінің бұрынғы басшысы  Қуаныш Тұмышев 8 жылға соттталды. Сотталушылар әуежайға 417 млн теңге көлемінде залалды өтеуге тиіс. Бұл туралы Веѕ Media жазды.

Не болды. Сотталушылар бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотында Алматы әуежайының экс-президенті Айбол Бекмұхамбетов пен Авиациялық жанар-жағармай қызметінің бұрынғы басшысы  Қуаныш Тұмышевқа қатысты сот үкімі жарияланды.

«Бекмұхамбетов Айбол Ануарұлы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында (Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Бекмұхамбетовке қатысты кепіл түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, ол сот залында қамауға алынсын. Жаза өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі”, – деді Түрксіб аудандық сотының судьясы Динасыл Жанатқызы.

Авиациялық жанар-жағармай қызметінің бұрынғы басшысы Қуаныш Тұмышевқа да осындай жаза тағайындалды.

«»Халықаралық Алматы әуежайы» АҚ-ның Бекмұхамбетовке, сондай-ақ Тұмышевқа соманы өндіру туралы азаматтық талап арызы қанағаттандырылсын. Бекмұхамбетов пен Тұмышевтан Алматы халықаралық әуежайының пайдасына 913 мың 165 доллар немесе 417 миллион 891 мың 698 теңге материалдық шығынды бірлесіп өндіріп алынсын», – деді сот.

Олар не үшін сотталды. 2019 жылдың сәуір айында Бекмұхамбетовке қатысты өзге мүлікті иемденіп, ысырап етті деген күдік бойынша тергеу басталғаны белгілі болды. Бұл іс бойынша сот төрт жылдан кейін басталды. Яғни сот 2023 жылдың қыркүйек айында басталды. Сотталушылар 1 млн астам сомаға авиациялық отын ұрлады деп айыпталады.