Жаңалықтар

Бағдат Мусин: Starlink желісі – ауылдық жерлерде білім беру тетігін жақсартудың маңызды құралы

Фото:kapital.k

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысындағы Майшұқыр ауылына барды. Бұл туралы министр өзінің Telegram арнасында хабарлаған болатын.

«Ақмола облысындағы Майшұқыр ауылына бардым. Мұндағы жергілікті білім ордасы еліміздегі 2000 ауылдық мектепті интернетке қосу жобасы аясында Starlink желісіне қосылған. Ауылға барғанда интернет сапасын тексердім, мұғалімдермен және оқушылармен кездесіп, сөйлестім. Мұғалімдер мектеп Starlink Интернет желісіне қосылғаннан кейін заманауи оқу материалдарына қол жеткізгенін, бұл балалардың оқу процесіне оң әсерін тигізгенін айтты»-деп жазды министр.

Министрдің айтуынша, кез келген ақпаратқа қолжетімділік артқаннан кейін мұғалімдер де өз сабақтарын барынша тиімді өткізеді. Ал оқушылар қажетті білім беру ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға да көмектеседі. Себебі, ол қазіргі заманда айрықша маңызды.

«Жоғары жылдамдықты (шамамен 200 Мб/сек) және тұрақты интернетпен қамтамасыз ететін Starlink желісі – ауылдық жерлерде білім беру тетігін жақсартудың маңызды құралы. Болашаққа салынған бұл инвестиция оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан, оларға тең білім алу мүмкіндіктерін ұсынады»- деп түйіндеді Бағдат Мусин.