Жеңіл өнеркәсіп және құрылыс материалдарын шығару: арнайы салық режимін қолдана алатын кәсіпкерлердің қатары көбейді
Фото: kursiv.media
2024 жылдан бастап бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі кеңейді. Бұрын бұл тізбеде 190 қызмет түрі болса, енді 364-ке жетті. Бұл туралы мелекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Жаңартылған тізімге мал өсіру, азық-түлік өндірісі, сонымен қатар, құрылыс материалдары өндірісі кірген. Енді ұн, нан және нан өнімдері, балық консервілері, балмұздақ және кофе шығаратын кәсіпорындар бөлшек салықтың арнайы салық режимін пайдалана алады. Одан бөлек, жеңіл өнеркәсіп: киім-кешек тігу, тері өңдеу, аяқ киім шығарумен айналысатын кәсіпкерлер де осы салық режиміне көшуіне мүмкіндік бар.
Ағаш өңдеу және түрлі ағаш өнімдерін шығаратын кәсіп түрлері де аталмыш тізімге енген.
Бұл өзгеріс Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1240 қаулысымен қабылданған. Қаулы 2024 жылдың 15 қаңтарынан өз күшіне енеді.
«Осыған байланысты, бөлшек салық режиміне ауысқысы келетін салық төлеушілер 2024 жылғы қаңтарда қолданылатын режим туралы хабарламаны ұсынуы қажет. Бұл хабарламаны «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы арқылы беруге болады. Режимді қолдану осындай хабарлама берілген айдан кейінгі айдың бірінші күні (яғни 2024 жылғы 1 ақпанда) басталады», – делінген комитет хабарламасында.
МКК 2023 жылдың және 2024 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша кәсіпкер бұрын қолданған салық режимі бойынша декларация тапсыруға тиіс екенін еске салады.
Бөлшек салықтың арнайы салық режимі пандемия кезінде экономиканың зардап шеккен секторлары үшін уақытша енгізіліп, 114 қызмет түрін қамтыған. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылға дейін қолданылды. Кейіннен кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға ынталандыру үшін жаңа форматта бөлшек салық енгізілді.
Соған сәйкес, рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі 190 қызмет түрін қамтыған, енді бұл тізім ұзарды. Осы АСР-ды шекті табысы 600 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі кәсіпкерлер қолдана алады. Осы шектің шеңберінде кәсіпкер қосылған құн салығын төлемейді.
Сонымен қатар кәсіпкер 200-ге дейін жұмысшы жалдау және олар үшін жоғарыда айтқандай бірыңғай төлемді қолдануға құқылы. Оңайлатылған декларация режимімен салыстырғанда, мөлшерлеме қосылған құн салығы бойынша шығындарды ішінара өтеу 4 пайызды құрайды. Жалпы алғанда, осы 4 пайызға 3 салық кіреді: табыс, әлеуметтік салық және қосылған құн салығы.