Жаңалықтар

Желтоқсан айына KASE Global секторындағы сауда-саттық 2,074 млрд теңгені құрады

 KASE Global
KASE Global секторындағы сауда-саттық көлмі қандай? Фото: Kursiv.kz

2023 жылдың желтоқсанында KASE Global секторындағы сауда-саттық көлемі қарашамен салыстырғанда, 42%-ға өсіп, 2,074 млрд теңгеге (4,536 млн доллар) жетті. Қараша айында сауда бірден 52 пайызға азайған еді.

Дегенмен, бұл шілде айында 10,494 миллиард теңгеге жеткен саудадан (23,695 миллион доллар) әлі де төмен.

Желтоқсанда KASE Global секторында жалпы сомасы 1 812,4 млн теңгеге 36 компанияның 68 684 акциясымен 6 616 мәміле жасалған. Сонымен қатар, жалпы сомасы 261,7 млн теңгеге сегіз қордың 19 885 ETF-мен 354 мәміле келісілген.

Сауданың басым бөлігі төмендегі компаниялар үлесінде:

  • Occidental Petroleum Corp. – 291,1 млн теңгеге 20 мәміле;
  • The Coca-Cola Company – 261,1 млн теңгеге 547 мәміле;
  • Johnson & Johnson – 182,0 млн теңгеге 103 мәміле.

Сауда-саттық көлемі бойынша 15 топ-бағалы қағаз арасында AMD (+21%) және Intel (+14,9%) компанияларының акциялары өсім байқатты.

Жасалған мәмілелердің жартысынан көбі (53,7%) жеке тұлғаларға, брокерлік-дилерлік ұйымдарға – 28,5 %, басқа заңды тұлғаларға – 17,8%-ы тиесілі.

Қазіргі уақытта бұл секторда 53 шетелдік эмитенттің 56 бағалы қағазы, оның ішінде 45 атаудағы акциялар және 11 шетелдік эмитенттің ETF-і енгізілген.