Japan Airlines әуежайда өртенген ұшақ шығынын 100 млн долларға бағалады
Japan Airlines Токионың «Ханэда» әуежайының ұшу-қону жолағында өзге ұшақпен соқтығысу нәтижесінде болған апаттан кейінгі шығын 100 млн доллардан асқанын есептеп шықты.
Reuters ақпаратына сүйенсек, Japan Airlines (JAL) апат шамамен 15 млрд иен (105 млн доллар) шығын алып келді деп есептейді. Ұшақтың өртенуін сақтандыру өтейді. Әуе компаниясы өтемақы төлеуді әр жолаушымен жеке талқылаған. Оқиға салдарынан екі жолаушының үй жануары қайтыс болған.
JAL Airbus A350 кең фюзеляжды ұшағы бортындағы барлық 379 адам ұшақ толығымен өртке оранғанға дейін құтқарылған. Отты сөндіруге алты сағаттан астам уақыт кеткен.
JAL ұшағы барып соғылған екінші ұшақтағы 6 экипаж мүшесінің 5-уі қайтыс болған. Тірі қалған ұшқыш ауыр жарақат алған. Екінші ұшақ жағалау күзетіне тиесілі болған. Ол Жапонияның батысында жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарға көмек жеткізуге шыққан.
Airbus A350 ұшағының сынықтарын зерттеу кезінде органдар бірінші ұшақтың жағалау күзетінің ұшағының жолағына қалай түсіп кеткенін анықтаған.
Жапон билігінің ақпаратына сүйенсек, жолаушылар ұшағы қонуға рұқсат алған. Ал жағалау күзетінің ұшағы ұшуға рұқсат алмаған. Алайда тірі қалған ұшқыш жолаққа шығуға рұқсат берілгенін айтқан. Тергеу жұмыстары енді ғана басталды.
Айта кетейік, 2 қаңтар күні Токионың «Ханэда» әуежайында жолаушылар ұшағы өртеніп жатыр деген ақпарат тарап, кейін екі ұшақтың соқтығысқаны белгілі болған.
Japan Airlines Corporation – Жапонияның ұлттық авиакомпаниясы, Азиядағы ең ірі әуе компаниялардың бірі. Токионың «Нарита» және «Ханэда» әуежайларынан ұшады. Japan Airlines бүкіл әлем бойынша 125 әуежайға тұрақты түрде халықаралық және ішкі тасымалдауды жүзеге асырады.