Құтқарушылар отырған автобус Майқайың ашық шахтасына құлап кетті, екі адамның денесі табылды
4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майкаинзолото» АҚ аумағындағы кеніш шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, шахта маңында тазарту жұмыстары жүріп жатқан. Автобус құлаған шұңқырдың ұзындығы 150-200 м, ені 500 метр, тереңдігі 150 метр.
«Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ»,– делінген хабарламада.
Павлодар облысы әкімі Асайын Байханов пен жергілікті органдар басшылары оқиға орнына барып, жедел штаб ұйымдастырған.
«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» жариялаған ақпаратқа сәйкес, ТЖД құтқарушыларының күшімен құмнан екі адамның денесі табылған. Оларды жоғарыға шығару жұмыстары жалғасуда. Майқайың ашық шахтасына құлаған автобус әлі табылмаған, іздеу жалғасып жатыр. Аталған мекеме, опат болған құтқарушылар отбасыларына тиісті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен аффирленген тұлғалардың тізімінде «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Құжатқа сүйенсек, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген.
RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Попович Швейцария азаматы. Осы елде Хюненберг қаласында тіркеуде.