Путин Ресей әскеріне қосылған шетелдіктерге азаматтық беру туралы жарлыққа қол қойды
Ресей президенті Владимир Путин Ресей Федерациясының Қарулы күштерімен келісімшарт жасасқан шетелдіктерге Ресей азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойды.
Жарлыққа сәйкес, Ресей Федерациясының азаматтығын алуға әскерге қосылғандардан бөлек, олардың туыстары да өтініш бере алады.
«Арнайы әскери операция (Украинадағы соғыс – ред.) кезеңінде Ресей Федерациясының Қарулы күштерімен келісімшарт жасасқан шетел азаматтары Ресей Федерациясының азаматтығына қабылдау туралы өтініш бере алады», – делінген жарлықта.
Құжатқа сәйкес, Ресей азаматтығын алу жөніндегі өтінішті денсаулық жағдайына байланысты Ресей Федерациясының Қарулы күштерінен әскери қызметтен босатылған немесе жасы жетіп, келісімшарты аяқталған азаматтар бере алады. Бұдан бөлек, Қарулы күштер құрамында болып, әскери іс-қимыл аяқталуына байланысты босатылған адамдар да Ресей азаматтығын ала алады.
Айта кетейік, Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 162-бабымен жалдамалылық, яғни, жалдамалыны жалдануға азғырып көндiру, оқытып-үйрету, қаржыландыру, сондай-ақ оны қарулы жанжалда пайдалану және қатысуы өмiр бойы бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны белгіленген.
Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 162-1-бабына сәйкес жалдамалылық белгілері болмаған кездің өзінде шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығыстарға немесе әскери әрекеттерге құқыққа сыйымсыз қатысу да қылмыс болып табылады. Бұл әрекетті жасағандық үшін жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген.
Айта кетейік, 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Соғыс басталғалы қазақстандықтардың үштен бірінің Ресейге көзқарасы нашарлап, Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін деп қауіптенетіндер екі есе көбейген. Украинадағы жағдай азаматтардың 70,7%-ін алаңдатады. Тек 24%-не ғана геосаяси жағдай қызық емес.