Жаңалықтар

Оралдағы газ жарылысынан денесін ауыр күйік шалған 4 адам жансақтау бөлімінде жатыр

Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігі

Орал қаласының Rizyq дәмханасында газ жарылып, 2 адам қайтыс болды. Үйіндінің астынан 6 адам құтқарылды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қайғылы оқиға 4 қаңтар күні сағат 02:17-де Сырым Датұлы көшесі 52-мекенжайында болған. Газ-ауа қоспасының жарылысынан 2 қабатты дәмхананың 110 шаршы метр ауданы қирап, 25 шаршы метр аумағын өрт шарпыған. Белгілі болғандай, зардап шеккендердің арасында Өзбекстан Республикасының 2 азаматы бар.

Баспасөз қызметінің дерегінше, оқиға орнына өрт өндірушілер, құтқарушылар, дәрігерлер, полицейлер, жергілікті атқарушы орган өкілдері келген. Құтқару жұмысына 110 адам мен 30 бірлік техника жұмылдырылған. Өрт 23 минутта сөндірілген.

«Қираған құрылымдардың астынан 6 адам табылып, құтқарылды. Оның 5-і медициналық мекемеге жеткізілді, 1 адам ауруханаға жатудан бас тартты. Оқиға орнында 2 адам қаза тапты. Адамдардың жеке басы анықталуда. Үйіндінің астында әлі де адамдар болуы мүмкін. Авариялық-құтқару жұмысы жалғасуда», – деп нақтылады Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Дәрігерлердің айтынша, қалалық көпсалалы ауруханаға үйіндінің астынан құтқарылған 6 адам жеткізілген. Олардың төртеуінің жағдайы ауыр.

«Зардап шеккен бір адам медициналық тексеруден кейін үй жағдайында емделуге жіберілді. Беті мен мойынын жеңіл күйік шалған бір адам травматология бөлімінде жатыр. Төрт адамның жағдайы ауыр. Денесінің 15-55%-ын ауыр күйік шалған адамдар жансақтау бөлімінде жатыр. Олардың бірінде күйіктен бөлек, екіжақты пневмоторакс және иық сүйегі сынған», – деді Батыс Қазақстан денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, зардап шеккендердің арасында Өзбекстан Республикасының 2 азаматы бар.

Былтыр жыл соңында Қостанай қаласының Амангелді кентінде газ жарылып, бір қабатты үй опырылып құлаған. Үйіндінің астында 7 адам қалған.  Алғашқы сәтте 2 адам құтқарылып, үйіндінің астында бір адамның мүрдесі табылған.