Аққулардың жаппай қырылуы жайлы хабарлаған блогерге салынған айыппұлды оқырмандары төлеп берді

Жарияланды
аққу
Маңғыстау облысы экология департаментінің хабарлауынша 227 өлі аққу табылған / shutterstock

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті, Каракөл көлінде қырылған аққу туралы хабарлаған блогер Азамат Сәрсенбаевқа айыппұл салды. Бұл жайлы блогер өз парақшасында хабарлаған.

Бірақ 51750 теңге көлемінде тағайындалған айыппұлды блогердің оқырмандары жауып берген. Блогер өзіне салынған айыппұл туралы айтып, халықтан жылу жинаған. Оқырмандары айыппұл сомасын бір сағаттың ішінде жауып тастаған.

«Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті салған айыппұлды халық жауып тастады. Достар, тілектеріңіз бен жылы сөздеріңіз үшін көп рахмет. Бір сағат ішінде 100-ден астам адам 500 теңгеден жіберді. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік, баршаңызға шын жүректен алғыс білдіремін»,- деп жазды Сәрсенбаев.

Еске сала кетсек, Азамат Сәрсенбаев 2 қаңтарда Қаракөл көлінде аққулардың жаппай өліп жатқанын хабарлады.

Ал бір күн өткен соң, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті мәлімдеме жасап, олардың құс тұмауынан қырылып жатқанын хабарлады.

«2023 жылдың 21 желтоқсанында Үстірт мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері Қаракөл көлінде қорғау шараларын жүргізу кезінде 30 аққудың (Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген) өлгенін анықтады. Осы факті бойынша қорық пен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары ҚР ЭТРМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, ветеринария ұлттық орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алды. Зерттеу нәтижелері бойынша өлген аққулардан құс тұмауының вирусы анықталған», – делінген хабарламада.

Департамент мәліметі бойынша 2024 жылғы 2 қаңтардағы жағдай бойынша барлығы 227 өлі аққу табылған. Оның 132-сі ветеринариялық заңнамада белгіленген тәртіппен жойылса, 2024 жылдың 3 қаңтарында 95 аққуды жою жоспарланған. 

Сондай-ақ оқыңыз