Киікті алып қою лимиті – 800 дарақты құрайды / Фото: kursiv.media
2024 жылғы 15 ақпаннан бастап 2025 жылғы 15 ақпанды қоса алғандағы кезеңге аң аулау объектілері саналатын жануарлар түрлерін алып қою лимиті бекітілді. Тиісті құжатты Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Ашық НҚА» порталына орналастырды.
«2024 жылғы 15 ақпаннан бастап 2025 жылғы 15 ақпанды қоса алғандағы кезеңге аң аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлерін алып қою лимиті бекітілсін»,- делінген құжатта.
Құжатқа сәйкес, ғылыми мақсатта алып қою лимиті киікке 800 дарақты құраса, жабайы шошқа 40, құдыр 240, марал 102, елік 60, бұлан 10, таутеке 467, қоңыр аю 578, сілеусін 161, жанат тәрізді ит 48 дарақты құрайды.
Сонымен бірге, ғылыми мақсатта жануарлар объектілерін алып қою квоталары жалпы лимит шеңберінде көзделген және «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» КЕАҚ, «Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар Ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК, «EcoBioGen» ЖШС және «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» ШЖҚ РМК, «ҚР В.И. Вернадский атындағы үкіметтік емес экологиялық қоры» және «Зоология институты» РМК өтінімдеріне сәйкес кепілдендірілген.
Ал жалпы Қазақстан аумағы бойынша лимит кестесі келесідей:
- Киік – 5350
- Жабайы шошқа – 16994
- Құдыр – 6
- Марал – 1255
- Елік 13441
- Бұлан – 591
- Таутеке – 1356
- Қоңыр аю (Тянь-шань аюларынан басқа) – 176
- Сілеусін (Түркістаннан басқа жерлерде) – 157
- Жанат тәрізді ит – 1994
Бұл бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелген. Құжат алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетсек күзде киіктерді атуға бір жарым ай рұқсат берілген болатын. Яғни министрліктің ресми рұқсатымен 1 қазан мен 15 қараша аралығында киік ауланды. Киікті сақтау бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 1,9 млн дараққа дейін жеткені жазылған. Ал олардың еліміз бойынша оңтайлы саны 770 мыңға дейін болса, жеткілікті екен. Солайша белгіленген нормадан асып кеткені себепті билік бұл жануарлардың санын азайтуды көздеп отыр.
Мамандар осы күзде елдегі ақбөкен саны 2,6 миллионға жетеді деп болжанған. Бұлайша популяцияның өсуі өңірлердегі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыруы мүмкін. Осы жылдың өзінде 122 мың га егіс алқаптарына 12 млрд теңге көлемінде шығын келген.