Brent маркалы мұнай бағасы қымбаттап келеді
Осы аптада Brent маркалы мұнай бағасы қымбаттап, қазіргі кезде барреліне 77,8 доллардан саудаланып жатыр. Оған Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленіс әсер еткен, Бұл туралы «Интерфакс» агенттігі хабарлайды.
Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың наурыздағы фьючерстерінің құны барреліне $77,79 құрады, бұл алдыңғы сауда-саттық көрсеткішінен $0,2 (0,26%) жоғары.
Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) ақпан айындағы WTI мұнай фьючерстерінің бағасы осы уақытқа дейін $0,32 (0,41%) өсіп, барреліне $72,51 құрады.
Осы апта басынан Brent 1%-ға, WTI 1,2%-ға қымбаттады. Бағаның көтерілуіне Иранда генерал Касем Сүлейманидің бейітіндегі жарылыстан жүзге жуық адамның қаза тапқаны, сондай-ақ Ливиядағы наразылық шеруі салдарынан Аль-Шаара ірі мұнай кенішінің тоқтағаны жайлы хабар әсер еткен.
Оған қоса нарық йемендік хуситтердің сауда кемелеріне жасаған шабуылдарынан кейінгі Қызыл теңіздегі жағдайды бақылап отыр.
Қазақстан 2023 жылы 90,5 млн тонна мұнай өндіруге тиіс еді. Алайда жоспар орындалмаған. Оған кен орындарындағы түрлі жағдай себеп болды. Мысалы 8 тамызда электр қуатының шектелуіне байланысты мұнайдың тәуліктік өндірісі 228 мың тоннаға дейін төмендеді.
Сол кезде «Теңізшевройл», «Маңғыстаумұнайгаз», «Ембімұнайгазд», «Өзенмұнайгаз» және «Қаражанбасмұнайда» мұнай өндіру көлемі қысқарды. 3 шілдеде МАЭК-тегі апат салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс пен «ҚазМұнайГаздың» бірнеше кен орындарында мұнай өндіру тоқтады. 3-14 шілде аралығында Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмысында ішінара іркіліс пайда болды.
Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов 2024 жылы да еліміз 90 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отырғанын жеткізді.