Freedom Telecom SilkNetCom телеком компаниясын сатып алады
Қазақстандық SilkNetCom телеком компаниясы халықаралық Freedom Holding Corp құрамына кіретін жаңадан құрылған Freedom Telecom ұялы байланыс операторына 100 пайыздық үлесті сату туралы алдын ала келісімді мақұлдады. Тиісті хабарлама Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында көрсетілген.
Мәміленің негізгі сомасы 11,5 млрд теңге болуы мүмкін. Сондай-ақ SilkNetCom иесі Freedom Telecom компаниясының 3 млрд теңгелік капиталындағы үлесін кепілге беруді мақұлдады. Кепіл сатушының сатып алушы алдындағы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін қажет.
EGOV деректері бойынша ЖШС ретінде тіркелген Silknetcom жалғыз меншік иесі Ж. Таймбетов болып табылады.
«SilkNetCom» ЖШС – бұл жеке және мемлекеттік секторда провайдерлік қызметтер, IT және телекоммуникациялық желілер құрылысы саласында маманданған отандық компания.
Компания 2017 жылы құрылды және халықаралық алып компаниялармен бәсекелес бола отырып, интернет желісіне жоғары жылдамдықты қол жеткізу қызметтері нарығында флагманға айналды. Бұл «Қазақстан Республикасының Ауылдық елдімекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» мемлекеттік жобасының арқасында мүмкін болды.
Freedom Holding Corp. 2023 жылдың шілде айында ұялы байланыс операторы Freedom Telecom құрылғанын жариялады. Холдинг басшысы Тимур Турловтың айтуынша, жаңа оператор 5G стандартын дамытуға шоғырланған.
Желтоқсан айының соңында Freedom Holding Corp. компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) – Astana International Exchange (AIX) биржасында – өзінің еншілес компаниясы Freedom Finance SPC Ltd. компаниясы арқылы жылдық 11,5-12% мөлшерлеме бойынша бес жылдық облигацияларды орналастырды. Инвесторлардың кең ауқымына ұсынылған, көлемі 200 млн АҚШ долларды құрайтын облигациялар шығарылымы облигациялық бағдарламаның шегінде алғашқы шығарылым болып табылады.