Қаңтарда іскерлік белсенділіктің баяулауы есебінен теңге курсы айтарлықтай әлсіреп кете қоймайды – сарапшылар

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Жылдық инфляция соңғы екі жылда алғаш рет бір таңбалы мәнге түсіп, 2023 жылдың желтоқсанының қорытындысы бойынша 9,8 пайыз болды. 2022 жылдан бері инфляция өзінің ең жоғарғы мәніне көтеріліп, бүкіл елді дүрліктіріп қойған еді. Көпшілік баға өсімін базарларда, кез келген сауда нүктесінде және маркетплейстерде анық сезінді. Ұлттық банк баға өсімімен күреске арналған базалық ставка құралын пайдаланды, Үкімет өз кезегінде тұрақтандыру қорларының жұмысын жетілдіріп, өңір-өңірде әлеуметтік мәні бар тағамдар бағасын реттеуге тырысты. Әрине, бұл уақытша шара болуы тиіс. Өйткені нарықта бағаны қолдан реттеу түптеп келгенде жеміссіз және ауыр салдарға әкеліп соқтыруы ықтимал жұмыс саналады.Сондықтан Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесіне көп ретте арқа сүйеген оңтайлы секілді.

Мұның өзінде сарапшылар екіұдай пікір білдіріп, қақ жарылды. Біразының айтуынша, базалық ставканы көтеріп жіберу кәсібін дөңгелету мақсатында несие алғысы келетін бизнесмендердің жолын бөгейді. Бірақ несиені тек кәсіпкерлер алмайды. Қарапайым халық та арзан ставкамен несие алғанды қолай көреді. Демек, қымбат мөлшерлеме ең бірінші кезекте тұтынушылық несие жолымен нарыққа төгілетін көп ақшаның жолын жабуды мақсат тұтады. Екі жыл бедерінде бұл міндет өз деңгейінде орындалған секілді. Инфляция біртіндеп төмендей бастады, соған сай Ұлттық банк те базалық ставканы абайлап түсіру процесін жүзеге асыра бастады.

Соңғы бір жыл ішінде азық-түлік бағасы – 8,5 пайыз, азық-түлік емес тауарлар – 9,1 пайыз, қызметтер көрсету 12,4 пайызға өскен. Бұл ретте базалық пайыздық мөлшерлеменің 15,75 пайыз деңгейінде екенін айта кетейік. Бұл мөлшерлемені Ұлттық банк қараша айында бекіткен болатын. Келесі шешім қаңтарда қабылданады.

Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың айтуынша, инфляцияның жылдық мәнінің бұлайша тәуір төмендеуі жоғарғы базалық ставка мен мықты теңгенің арқасында мүмкін болды.

«Айлық инфляция 0,8 пайызға дейін баяулады, ал азық-түлік инфляциясы жыл қорытындысы бойынша 8,5 пайыз болды. Бұл ретте теңге бағамы таңғалдырарлық, бірақ жеткілікті деңгейдегі түсінікті тұрақтылықты жалғастырып жатыр және біз жылды бір долларға 454 теңге деңгейінде жаптық. Төртінші тоқсанда Ұлттық банктің ел бюджетін толықтыру үшін долларды белсенді сатқанын да айта кету керек. Төртінші тоқсанда екі бірдей салық айы бар екеніне қарамастан үш айда 3,5 млрд доллар сатты»,  дейді қаржыгер.

Оның айтуынша, 2023 жылдың 10 айының қорытындысын 2022 жылмен салыстыра отырып, импорттың өсетінін, экспорттың айтарлықтай қысқаратынын да бағамдауға болады. 2022 жылдың 10 айында импорт 40,3 млрд доллар болса, 2023 жылдың 10 айында 49,5 млрд доллар болған. Экспорт 70,9 млрд доллардан 64,6 млрд долларға құлдыраған.

«Мұнай мен металл сатылымының қысқаруы экспорт көлемінің төмендеуіне әсер етті. Оның есесіне машина, құрылғы, транспорттық құралдар (500 млн доллар), тоқыма бұйымдары (100 млн доллар) және химия мен мұнай химия өнімдері (800 млн доллар) көбірек сатылымға шығарылды. Бұл негізінен Ресейге реэкспорт есебінен мүмкін болды. Импорттың өсуі мен экспорттың төмендеуі валюта бағамының теңгерімсіздігінен ел өнеркәсібінің қысымға ұшырайтынын көрсетеді. Еңбек өнімділігі төмен болғандықтан, біздің өндірушілерге импортпен бәсекелесу қиын»,  дейді.

Сонымен қатар сарапшы 2024 жылғы қаңтарда Ұлттық банктің 1,1 млрд доллар сомасына валюта сатуды жариялағанын, бұл «ҚазМұнайГаз» акцияларын «Самұрық-Қазынадан» Ұлттық қорға ауыстырған былтырғы үш айды есептемегенде, әдеттегі айлық сатылымнан екі есе көп екенін де айтады.

«Сол себепті, қаңтарда іскерлік белсенділіктің баяулауы есебінен теңге курсы айтарлықтай әлсіреп кете қоймайды, тіпті нығаюы мүмкін. Ақпан – салық айы. Бұл айда жер қойнауын пайдаланушылар өткен жылдың төртінші тоқсаны үшін салық төлейді және бұл өз кезегінде теңгеге қолдау береді. Бірақ наурыздан бастап теңгенің әлсіреу тәуекелі күшейеді, өйткені сауда балансы қысқарады және ҰБ тарапынан қолдау болмайды. Ұзақ мерзімді горизонтта теңгені қолдайтын жалғыз фактор – еңбек өнімділігіні артуы. Бірақ бұл үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды техникалық жарақтандыруға және қосылған құны жоғары жаңа жоғары технологиялық компанияларды салуға бағытталған бағдарлама болу қажет. Ол үшін шетелдік инвестиция тартып, инвестициялық климатты жақсартып, сот жүйесін жетілдіріп, өндірушілерді қолдау шараларын өзгерту керек. Ол үшін пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудан алыстап, кепілдік және ұзақ мерзімді келісімшартқа ауысқан маңызды. Ұлттық қордың жәй сатылымы экономиканы дамытпайды, керісінше дисбаланс тудырады. Ал онымен күресу қиын. Ал қазір біз үшін мықты теңге инфляциямен күресуге аса тиімді тәсіл туғызып отыр», дейді сарапшы.

Сарапшы Андрей Чеботаревтің айтуынша, инфляцияның 9,8 пайыз болуымен нақты ставка 5,95 пайыз болды.

«Қарашада инфляция 10,3 пайыз болған еді. Осылайша, бір айда инфляция 0,8 пайызға баяулады. Нарық Ұлттық банктің бір таңбалы мән жағдайында базалық ставканы төмендетемін деген уәдесіне қатысты нақты әрекет күтеді. Алға қойылған мақсатқа қол жеткіздік. 5,95 пайыз деңгейіндегі нақты ставка әлемдегі ең жоғарғы мөлшерлеме болып саналады», дейді ол.

Экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, жылдық инфляцияның бәсеңдеуіне әсіресе, тамақ өнімдері мен алкогольсіз сусындар (3,3 пайыздық тармақ), тұрғын үй қызметтері (1,8), киім мен аяқ киім (1,1) үлкен үлес қосты.

«Жалпы, өткен жылдың соңғы айындағы деректер инфляцияның тұрақтылық белгілерін көрсететінін көрсетеді, бұл жылдық динамиканың баяулауының өте төмен қарқынымен және айлық көрсеткіштердің жоғары құбылмалылығымен расталады»,  дейді.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияны 2025 жылдың соңына таман 5 пайызға дейін төмендете аламыз дейді.

«2024 жылы инфляция 8 пайыз деңгейінде болады деп күтіп отырмыз. Одан кейін біз тағы да тиісті шараларды қабылдаймыз және 2025 жылдың соңында 5 пайызға түсіреміз деп жоспарлаймыз. Бұл экономикалық өсім мен инфляция арасындағы баланстың сақталуын байқатар еді. Біз инфляцияның болғанын, бірақ оның қалыпты өсім шегінде болғанын қалаймыз, 5 пайыз деңгейіндегі көрсеткіш халықтың қалтасына ауырлық салмайды және экономикалық өсімге тежеу болмайды. Керісінше, бұл деңгей инвестиция мен шығынды жоспарлауға, тұтыну мен жинақтау арасында тепе-теңдік орнатуға көмектеседі». – деді.

Сарапшы Асан Құрманбековтың сөзінше, желтоқсан инфляциясы тұтастай алғанда өзінің төмендеу үрдісін сақтап қалды.

«Инфляция деңгейі 2022 жылмен салыстырғанда орташа жылдық мәнде екі есе төмендеді. Өткен жылдағы жоғарғы база эффекті жылдық көрсеткішке әсер етуін жалғастырды. Инфляция қарқынының жалпы баяулауын ескере отырып барлық негізгі компоненттер жылдық мәнде төмен қалыптасты. Жалпы, республикадағы инфляция экономиканың сыртқы күйзелістерге бейімделуі және әлемдегі инфляцияны қалыпқа келтіру аясында біртіндеп тұрақтанып келеді. Бұл үдерісте ұлттық валютаны нығайту да маңызды рөл атқарды, оның айырбас бағамы 2017 жылдан бері алғаш рет нығаю бағытына қарай көшті және бір жыл ішінде орташа есеппен доллар үшін 456,3 теңгені құрады (2022 жылы – 460,5 теңге)», дейді.

Сарапшы пікірінше, биыл инфляция баяулау траекториясында қала береді.

«Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге көлеміндегі бюджетке берілетін рекордтық трансферттер аясында бюджет импульсінің өткен жылмен салыстырғанда жоғары болуы екіталай, бірақ бюджет саясатының циклдік сипаты сақталады. Соған қарамастан, өткен жылдың соңында Ұлттық қордан (1,3 трлн теңге) алынған трансферттен туындаған баға қысымы белгілі бір уақытқа дейін тұтынушылық инфляцияға әсер етеді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық тарифтерінің өсуі жалғасатын болады. Алайда тұтыну себетінің осы құрамдас бөлігінің салмағы ең аз болып тұр, сонымен қатар ішкі нарықта жанар жағармаймен қамтамасыз ету негізгі мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеулерден кейін жақсаруы тиіс», дейді Асан Құрманбеков.

Сондай-ақ оқыңыз