QazaqGaz, ҚТЖ және басқа да ұлттық компаниялардың IPO-сы олардың қызмет тарифі қымбаттағаннан кейін өтеді – Жақыпов
QazaqGaz, ҚТЖ және басқа да ұлттық компаниялардың IPO-сы олардың қызмет тарифі көтеріліп, нақтыланғаннан кейін өтеді. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов «Жібек жолы» арнасына берген сұхбатында айтты.
«Біз жеке инвесторларға қызметінің тарифі өзіндік құнынан төмен компанияны ұсына алмаймыз. Сондықтан бұл компаниялардағы бизнес жүргізу жүйесін бір қалыпқа түсіріп алуымыз керек. Содан кейін ғана IPO-ға шығарамыз», – деді ол.
Жақыповтың айтуынша, қор қазірдің өзінде ҚТЖ магистральдық теміржол желісі мен локомотив тарту қызметінің тарифін 24%-ға қымбаттатуға байланысты «Көлік министрлігі және монополияға қарсы агенттікпен» келіссөз жүргізіп жатыр. Дәл осы тариф қымбаттауының ТБИ-ге әсері 1 пайызға де жетпейді.
«Самұрық-Қазына» басшысы QazaqGaz қызметі тарифінің көтерілуі инфляцияға аса әсер етпейді деп пайымдайды.
Қор басшысы бүкіл шығындарды толық жабатын, нақты тариф болуы керек деп тұжырымдайды. Ол инфрақұрылым жүйелерін тоздырмай, күтіп ұстауға қажет. Тарифтер кезең-кезеңімен қымбаттайды.
«Самұрық-Қазына» қоры 2025 жылға дейін AirAstana, QazaqGaz, «Самұрық-Энерго» және ҚТЖ компанияларын IPO-ға шығаруды жоспарлап отыр. Жоспары бойынша, 2024 жылы – Air Astana, 2025 жылы – QazaqGaz бен «Қазақстан Темір Жолының» 5%-ға дейін акциялары IPO-ға шығуы тиіс.
«Эйр Астана» 2020 жылы қор нарығына шығуға тиіс еді, кейін 2 жылға шегеріліп, сосын IPO 2023 жылы өтеді делінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі 2024 жылы аяқтауды тапсырды.
Ал QazaqGaz басшысы Санжар Жаркешов Хьюстонда өткен CERAWeek халықаралық энергетикалық конференциясында ұлттық компания 2025 жылы IPO-ға шығуға дайын деп мәлімдеді.
Оған дейін өз қызметінің тарифін қымбаттатады. Өйткені компания ішкі нарықты субсидиялау салдарынан жыл сайын 180 млрд теңге жоғалтқан.
«Самұрық-Қазына» қоры өз иелігіндегі тағы бір компания – Qazaq Air-ді де жекешелендіруге тырысып жатқанымен, оны сатып алатын инвестор табылмай жатыр. Бірнеше инвестор қызығушылық танытқанымен, конкурс шартына сәйкес келетін өтінім түспеген. Qazaq Air компаниясын сатып алғысы келетін инвестор 2033 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын өтеуі тиіс.