Жаңалықтар

«Майқайыңалтын» шахтасындағы қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу басталды

Майқайыңалтын
Майқайыңалтын шахтасында Іздестіру-құтқару жұмысы жалғасып жатыр /Фото: ҚР ТЖМ

Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» шақтасындағы қайғылы оқиғаны тергеп-тексеру үшін тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Бұл туралы Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Рашад Өтеуов мәлімдеді.

Облыстың әкімі Асайын Байханов апат орнында іздестіру-құтқару жұмысы жалғасып жатқанын хабарлаған еді.

 «Біз «Майқайың-алтын» АҚ аумағындағы іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырудамыз. Оқиға орнында менімен бірге Төтенше жағдайлар вице-министрі және басқа да қызметтер бар. Құтқарушылар жоғары қауіпті режимде жұмыс істеуде, өйткені, құлау шекаралары тұрақсыз, әлі де пайда болған шұңқырда тастар мен топырақтың сырғуы жүруде», – деп жазды Instagram парақшасына облыс әкімі.

Сонымен қатар, облыс әкімі қаза тапқан және хабарсыз кеткен құтқарушылардың отбасына қандай көмек көрсетілетінін мәлім еткен болатын.

 «Қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына «Майқайың-алтын» АҚ және КӘАҚҚ РОШ-тан әрбір отбасына 4,5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетіледі. Мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасыларына асыраушысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлем тағайындалады. Қаза болған 2 құтқарушының отбасына қайғырып көңіл айтамын. Марқұмдардың иманы саламат болсын», – деп жазды Павлодар облысының әкімі.

Павлодар облысы полиция департаменті осы оқиға қатысты қылмыстық іс қозғап, сотқа дейін тергеу жұмысын бастаған.

«Екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша полиция Қазақстан Республикасы ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Айта кету керек, 5 қаңтар күні мұнда Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің кинологтар бригадасы келіп, іздестіру жұмысына кіріскен.

4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы кеніш шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

«Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ»,– деп хабарлаған болатын Облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, шахта маңында тазарту жұмыстары жүріп жатқан. Автобус құлаған шұңқырдың ұзындығы 150-200 метр, ені 500 метр, тереңдігі 150 метр.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2  адамның денесі  табылғанын  жариялады.

5 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адамның әлі табылмағаны мәлімделді.

«Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары қаза тапқан екі адамның денесін құмнан тапқанын өкінішпен хабарлаймыз. Мәйіттерді жер бетіне шығару жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы.

Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Есепке сүйенсек, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген.

RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Попович Швейцария азаматы. Осы елде Хюненберг қаласында тіркеуде.