Сайтқа DDoS шабуылы «Қазақтелеком» ғимаратынан жасалып жатыр: ҚазТАГ ашық мәлімдеме жасады

Жарияланды
КазТАГ

Коллаж: kursiv.media

ҚазТАГ сайтына DDoS шабуылдары «Қазақтелеком» ғимаратынан жасалып жатыр. Бұл жайлы ҚазТАГ редакциясы хабарлады.

«2023 жылдың 22 қарашасынан бастап ҚазТАГ агенттігінің сайты DDoS шабуылына ұшырады. Интернет ресурсына мұндай шабуылдар 2022 жылдың аяғында жасалған болатын. ҚазТАГ сайтына шабуыл жасалған IP мекенжайлары көршілес (Ресей сияқты) және алыс шетелдерде орналасқан. Сондықтан,сайтқа Қазақстаннан тыс орналасқан барлық IP мекенжайлардан кіру шектелді», – делінген хабарламада.

Редакцияның хабарлауынша, қабылданған шаралар негізінде сайт жұмысы бірден қалпына келген. Бірақ 4 қаңтардан бастап, DDoS шабуылдары үдей түскен. Бұл жолы шабуылдар Қазақстанның IP мекенжайларынан жасала бастаған.

Ең қарқынды шабуылдар «92.46» сандарынан басталатын IP мекенжайларынан жасалған. Атап айтқанда 92.46.70.73, 92.46.70.5, 92.46.70.68 және т.б. мекенжайлардан жасалған.

«Көрсетілген IP мекенжайлары Рымбаев Миржан және Адешов Мирас деген екі тұлғаға берілген. Екеуі де Алматы қаласының тұрғындары. Ашық деректерден Адешовтің Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да оқығаны белгілі болды. Ал Рымбаев Г. Дәукев атындағы Алматы энергетика және коммуникациялар университетінде оқыған. Сондай-ақ, ҚазТАГ сайтына DDoS-шабуылдар «92.46» сандарынан басталатын барлық қазақстандық IP мекенжайлары Алматы қаласы, Панфилов көшесі, 129-үй яғни «Қазақтелеком» АҚ ғимаратынан жасалған»,– делінген ҚазТАГ мәлімдемесінде.

Осыған байланысты, ҚазТаг редакциясы президент әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының бірқатар құзырлы орталық мемлекеттік органына агенттік сайтында болып жатқан DDoS шабуылдарға байланысты ашық мәлімдеме жасады.

«Құқық қорғау органдары ҚазТАГ-қа бұрын жасалған DDoS шабуылдары «Қазақстан Республикасының Президентін және ол жүргізіп жатқан демократиялық реформаларды қаралау мақсатында» жүзеге асырылғанын ресми мәлімдеген болатын. Осыны ескере отырып, агенттік редакциясы Президент Әкімшілігінен, Бас прокуратурадан, Ішкі істер министрлігінен, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, Мәдениет және ақпарат министрлігінен, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен шабуылдаушыларды залалсыздандыру шараларын қолдануды сұрайды. Ел басшылығына және оның демократияландыру жөніндегі жұмысына нұқсан келтіруді жалғастырып, шабуыл жасағандарды заңда көзделген жауапкершілікке тартуды сұраймыз. Жарияланған бұл мәлімдемені құқық қорғау органдарына берілген ресми арыз ретінде қарастыруыңызды сұраймыз»,– делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, шамамен ҚазТАГ-пен бір уақытта DDoS-шабуылдына Kursiv.Media сайты да ұшырады. Шабуылдар желтоқсанның соңына қарай үдей түсіп, хакерлер сайттың жұмысына кедргі келтіруге тырысты. Желтоқсан айының аяғында басталған шабуыл әлі тоқтамады, қазіргі уақытта жасалған кибершабуыл саны 3,1 миллиардтан асып түскен.

Соңғы айларда Қазақстанның жетекші іскерлік және саяси БАҚ сайттары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарына ұйымдасқан кибершабуылдар жасалып жатыр. Қастандық жасаушылар Kursiv.Media, ProTenge, Inbusiness.kz, ҚазТАГ сайттарының жұмысын тоқтатпақшы болды.

Желтоқсанның басында Kursiv.Media-ның серверіне үлкен хакерлік шабуыл жасалып, ал басылымның Telegram-каналына 90 мың бот жазылды. Бір қызығы, ProTenge жемқорлыққа қарсы басылымы мен Kursiv.Media-ға бір уақытта шабуыл жасалған.

Ал 6-11 желтоқсан аралығында Kursiv.Media серверлеріне миллиардтан астам шабуыл жасалды. Kursiv.Media басшылығы басылымның ақпараттық серверлеріне бұрын-соңды болмаған хакерлік шабуылға байланысты ресми мәлімдеме жасап, мұндай әрекетті БАҚ-қа қысым көрсету деп бағалады.

DDOS-шабуылдар. 6 желтоқсан күні кешке серверге жасалған сұраныстар саны күніне 0,6-1 млн-нан 300-400 млн-ға дейін өсті (https://www.cloudflare.com/ мәліметі бойынша). Бес күн ішінде (6 желтоқсаннан бастап 11 желтоқсанды қоса алғанда) сұраныстар саны 1,3 миллард болды. Бұл күнделікті сұраныстардан 400 есе көп.

Қазақстанда БАҚ-қа жасалатын DDoS-шабуылдар ақпараттық соғыстың құралына айналды. Қастық жасаушылардың әр күнгі жұмысы ондаған мың доллар тұруы мүмкін. Мұндай қымбат тәсілге мемлекеттік органдар не болмаса бизнесмендер баруы мүмкін. Кейбір журналистер бұл жерде әңгіме «ескі» Қазақстанның саясаткерлері жайлы да болуы мүмкін екенін айтады.

Сондай-ақ оқыңыз