Майқайың ашық шахтасына құлап кеткен 2 адам әлі табылмады
Майқайың ашық шахтасына құлап кеткен екі адамды іздеуге 116 адам жұмылдырылған / Фото: ТЖМ
«Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де аяқталған жоқ. Жұмысты жердің опырылуы қиындатып жатыр. Бұл жайлы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Опырылу орнында әлі де топырақ сырғып түсіп жатыр, опырылу шекаралары тұрақты емес. Құтқарушылар жоғары қауіпті режимде жұмыс істеуде»,- делінген ТЖМ хабарламасында.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнында Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов пен ТЖ вице-министрі Мереке Пішембаев бар.
Майқайың іздеу жұмыстарына Астана қаласы мен Павлодар облысы ТЖД кинологиялық есептоптары тартылған. Оқиға орнында барлығы 116 адам және ТЖМ, полиция, КӘАҚҚ РОШ, «103» қызметі бөлімшелерінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 23 техникасы жұмылдырылған.
Еске сала кетсек, 4 қаңтар күні құтқарушылар отырған автобус Майқайың ашық шахтасына құлап кеткені туралы хабарланды. Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ.
ТЖД құтқарушыларының күшімен құмнан екі адамның мәйіті шығарылды. Ал автобус әлі табылған жоқ. Іздеу жалғасып жатыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, шахта маңында тазарту жұмыстары жүріп жатқан. Автобус құлаған шұңқырдың ұзындығы 150-200 метр, ені 500 метр, тереңдігі 150 метр.
Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Есепке сүйенсек, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген.
RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Попович Швейцария азаматы. Осы елде Хюненберг қаласында тіркеуде.