Жылына 6,7 млрд текше метр: ҚазМұнайГаз 2030 жылға қарай елдегі газ өндірісін арттырады
ҚазМұнайГаз 2030 жылға қарай жылына 6,7 млрд текше метр газ өндіруді жоспарлап отыр. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Компанияның хабарлауынша, газ өндіруді ұлғайту қолданыстағы және барлау жобалары есебінен іске асырылмақ.
«ҚазМұнайГаз әзірлеп жатқан Газ стратегиясы бойынша 2030 жылға қарай табиғи газ өндірісін жылына 6,7 млрд текше метрге дейін арттыру жоспарланған. Стратегия Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сынды ірі жобаларды есепке алмағанда, газ өндіруді ұлғайту бойынша жұмысты қолданыстағы және барлау жобалары есебінен іске асыруды көздейді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Өндірілетін газ көлемін арттыруға ҚазМұнайГаздың 2023 жылы ашылған үш жаңа кен орны өз үлесін қосады. Бірінші кен орны былтыр өнеркәсіптік пайдалануға берілген Оңтүстік Ақсай. Онда игерілетін газ қоры – 1,7 млрд текше метрді құрайды. Бұл кент орнынан жылына 100 млн текше метр газ өндіруге болады. Екінші кен орны Шығыс Өріктау кен орны. Мұндағы игерілетін қор көлемі — 4 млн тоннаны құрайды. Еріген газ – 2,2 млрд текше метр, газ өндірудің айлық көрсеткіші — 9 млн текше метрге жетеді. Үшіншісі – Рожков кен орны. Ондағы игерілетін газ қоры — 26,9 млрд текше метр. Ал конденсат көлемі – 12,5 мың тонна болса, бір жылдағы жоспарлы газ өндіру көлемі – 1 млрд текше метр болмақ.
«Орта мерзімді перспективада алдағы 3-4 жылда ҚазМұнайГаз Орталық Өріктау кен орнында өндіру жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр, онда жылына шамамен 1 млрд текше метр газ өндіру күтіледі. Бұл кен орнында игерілетін газ қоры шамамен 29 млрд текше метрге жетеді. Бүгінгі таңда Орталық Өріктауды толық көлемде игеру тұжырымдамасы әзірленді, ол бойынша кен орнында игерілетін газды өңдеу мен дайындаудың түрлі нұсқасы қарастырылуда»,- делінген хабарламада.
Ал 2027 жылы ҚМГ Батыс Прорва және Қаламқас кен орындарын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Ол кен орындарынан жылына шамамен 1,1 млрд текше метр көлемінде газ өнідірлмек.
Қазіргі таңда бұл кен орындарында газдың физика-химиялық қасиеттерін және газ өндірудің болжамды көрсеткіштерін нақтылау бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп, техникалық-экономикалық негіздемелер әзірленіп жатыр.
Бұл жобаларды КМГ ЕNI, Роснефть, Лукойл, ТатНефть, Газпром және т.б. халықаралық компаниялармен бірлесіп жүзеге асырмақ. Перспективада 12 геологиялық барлау жобалары, сондай-ақ қолданыстағы кен орындарын жете барлау жұмыстары пысықталуда.
Еске сала кетсек, осыған дейін компанияның баспасөз қызметі «ҚазМұнайГаздың» шикі газ жағу көлемін 6 жылда 89%-ға қысқартқанын хабарлады.
2017 жылдары компания 315,8 млн текше метр шикі газды жағатын болған. Ал 6 жыл ішінде шикі газды жағу көлемі 89%-ға қысқарып, 2023 жылдың 8 айында небәрі 14 млн текше метр газ жанған. Солайша компания мұнай қалдықтарын тиімді пайдаланған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша шикі газды тиімді пайдалану көрсеткіші 98,8% құраған.
2019 жылы ҚМГ компаниялар тобында шығарындыларды басқару саясаты бекітіліп, соған сәйкес ұлттық компания 2030 жылға қарай шикі газды жағу көлемін нөлге жеткізуді жоспарлап отыр.