15 қаңтардан бастап Ұлттық қорда арнайы шот ашу үшін балалардың тізімі жасалады

Жарияланды
Ұлттық қор - балаларға

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша жинақтау шоттары 1 ақпаннан бастап ашылады / Фото: kursiv.media

15 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша ақша алатын балалардың тізімі жасалады. Бұл жайлы БЖЗҚ сайтында жазылған.

«Қазақстанның азаматы саналатын барлық балаларға жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50% есептелетін болады. Бұл ретте табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл бойынша орташаланады. Есепті жылы барлық балалар қаржыны бірдей мөлшерде алады», – делінген хабарламада.

Бұл шара қатысты жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінген. Бірінші кезекте БЖЗҚ ҚР Ұлттық қорының инвестициялық кірісі бойынша ақпарат жинаған.

Ал екінші кезең 15 қаңтардан басталады. Яғни бұл кезеңде БЖЗҚ 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде нысаналы талаптарға қатысушылардың электрондық тізімін қалыптастырады

Үшінші кезең 2024 жылғы 1 ақпанына дейін белгіленген. Бұл уақытқа дейін БЖЗҚ 2023 есепті жыл бойынша әрбір балаға есептеуге қойылатын нысаналы талаптардың сомасын есептеп шығарып, оны ақпараттық жүйеге енгізеді.

Ал төртінші кезең 2024 жылғы 1 ақпанынан басталады. Бұл уақыттан бастап БЖЗҚ 2024 жылы 18 жасқа толған және толатын нысаналы жинақтарды алушыларға нысаналы жинақтау шоттарын ашады.

Бұдан бөлек, балаларға есепті жылға дейінгі жылдары есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялануды жалғастыра береді. Нәтижесінде оларға қосымша инвестициялық кіріс есептелетін болады.

«Балалар 18 жасқа толғанға дейін нысаналы талаптар  мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептелетін болады. Балалар 18 жасқа толған жылы нысаналы талаптар нысаналы жинақтау шотына есептелетін болады және 18 жасқа толғаннан кейін кәмелетке толған тұлғалар жинақтарды екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) білім алуға ақы төлеуге пайдалану құқығына ие болады. Нысаналы талаптарға қатысушы немесе БЖЗҚ-да нысаналы жинақтары бар нысаналы жинақтарды алушы қайтыс болған жағдайда, бұл нысаналы жинақтар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылатын болады»,- делінген БЖЗҚ сайтында.

Ата-аналар баласының атына арнайы шот ашу үшін не істеуі керек?

БЖЗҚ баланың атына шот автоматты түрде ашылатынын мәлімдейді. Сондықтан ата-аналарды алаяқтар мен делдалдарға алданып қалмауға шақырады. Ата-аналардан сұралытыны – баланың жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек. Оның ішінде жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болуы міндетті. Егер бұл қандай да бір себептермен әлі жасалмаған болса Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуі тиіс.

Сонымен бірге egov порталы немесе eGovmobile қосымшасы арқылы деректемелердің бар-жоғын және олардың дұрыстығын тексеру керек. Қажетті деректер – кәмелетке толмаған тұлғаның тегі аты әкесінің аты, туған күні, ЖСН, азаматтығы.

Бұл мәліметтерді ата-аналар «электрондық үкімет» веб-порталындағы Жеке кабинетінен «Балалар туралы мәліметтер» бөлімінен тексере алады.

Егер балада азаматтығы болмаса немесе азаматтығы анықталмаған немесе дұрыс көрсетілмеген болса, тұрғылықты жері бойынша көші-қон қызметіне жүгінуі қажет.

Еске сала кетсек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясындағы алғашқы ақша балалардың шотына 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап түсетіні туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтқан болатын. Қаржы вице-министрі 18 жасқа 1 ақпаннан кейін толатын азаматтар ақшаларын алу үшін электронды платформа арқылы өтініш білдіруге тиіс екенін мәлімдеді.

2024 жылы 18 ге толатын 200 мыңнан астам азамат ақша шығарып ала алады. Қазіргі таңда келер жылы қаражатын шешіп ала алатын азаматтар жайлы деректер қаралып жатыр.

Қорға жиналған қаржыны не білім алу, не баспана алуға бағытталған нақты 2 мақсатта пайдалануға болады. Бір айта кетерлігі жиналған қаражатты шетелдегі оқу ақысына төлеуге болады. Бала 18-ге толған соң жиналған ақшаны алмаса, онда ол 10 жыл шотта сақталады. Осы уақыт ішінде алмаса, сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Ал азаматтығын ауыстырса, бұл ақшаны ала алмайды. Бұл төлемдер салықтан босатылады.

Сондай-ақ оқыңыз