Фото: bjtonline.com
Қазақстанның Көлік министрлігі ресейлік олигархтың санцияны айналып өтіп, Қазақстан арқылы Falcon 7X ұшағын сатып алғанын жоққа шығарды. Бұндай әуе кемелері Қазақстан азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде болмаған.
«Әуе кемелерінің бұл түрі ешқашан Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізілімінде болмаған. Қазіргі кезде Irtysh air әуе компаниясының қолданысты азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификаты жоқ және 10 жылға жуық ұшуды орындамаған. Әуе компаниясы бұрын әуе кемесінің бұл түрін ешқашан пайдаланбаған», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар министрлік әуе компаниясы бұндай ұшақты ешқашан пайдаланбағанын айтып өтті.
Бұған дейін Ресей сайттары миллиардер санкцияны айналып өтіп, қазақстандық тасымалдаушыдан Falcon 7X ұшағын сатып алғаны жайлы ақпарат тараған. Онда қазақстандық әуе компаниясы санкция алынған тізімдегі ресейлік олигархқа бизнес-джет сатқаны жазылған.
«Irtysh air әуе тасымалдаушысы бизнесмен Олег Дерипаскамен байланысты «Арсенал» компаниясына жаңа ұшақты сатқан соң 36 миллион долларға жуық табыс тапты», – деп жазылған хабарлама.
Ресейде тіркелген соң бизнес-джет RA-09618 тіркеу нөмірін алғаны хабарланды.