Жаңалықтар

«Майқайыңалтын» кенішіндегі апат: іздестіру жұмысына дрон жұмылдырылды

Фото: Павлодар облысы ТЖД

«Майқайыңалтын» кенішіндегі іздестіру жұмыстарына қазіргі кезде 134 адам, 37 бірлік техника, 3 кинологиялық есеп және 2 дрон жұмылдырылған. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Instagram-парақшасында жазды.

Кеше жедел штаб мамандандырылған техниканы опырылған жерге түсіру үшін шамамен 120-130 метр тереңдікте траншея қазу туралы шешім қабылданған.

«Біз «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жалғастырудамыз. Кеше опырылған жердің түбіне техниканы түсіру үшін өткел дайындау басталды. Жұмыстар тәулік бойы, үздіксіз жүргізілуде. 5 мың текше метрге жуық топырақ пен тау жыныстары қазылып, шығарылды», – деп жазады облыс әкімі.

«Майқайыңалтын» шахтасындағы қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу басталды.

4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы кеніш шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

«Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ»,– деп хабарлаған болатын Облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, шахта маңында тазарту жұмыстары жүріп жатқан. Автобус құлаған шұңқырдың ұзындығы 150-200 метр, ені – 500 метр, тереңдігі – 150 метр.

5 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адамның әлі табылмағаны мәлімделді.

«Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары қаза тапқан екі адамның денесін құмнан тапқанын өкінішпен хабарлаймыз. Мәйіттерді жер бетіне шығару жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы.

Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Есепке сүйенсек, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген.

RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Попович Швейцария азаматы. Осы елде Хюненберг қаласында тіркеуде.