Мұнай бағасы Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюіне байланысты құбылып тұр

Жарияланды
Мұнай бағасы арзандады

Фото: kursiv.media

Мұнай бағасы Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюіне байланысты құбылып тұр. Апта соңына қарай мұнай бағасы қымбаттады. Сарапшылардың пайымынша, әлемдік «қара алтын» нарығына Таяу Шығыс пен Ливиядағы шиеленістің күшеюі ықпал етті.

Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың наурыз айындағы фьючерстерінің құны барреліне 79,16 долларды құрады, бұл алдыңғы сессияның жабылуындағы көрсеткіштен 1,57 доллар (2,02%) жоғары.

Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) ақпан айындағы WTI мұнай келісімшарттарының бағасы осы уақытқа дейін 1,95 долларға (2,7%) өсіп, барреліне 74,14 долларды құрады.

Осы аптада Brent 2,8%-ға, WTI 3,5%-ға қымбаттады.

«Бағаның өсуіне Иранда генерал Касем Сүлеймани бейітіндегі жарылыстардан жүзге жуық адамның қаза тапқаны туралы хабар ықпал етті. Сондай-ақ Ливиядағы наразылық акциялардың әсері болды. Себебі осы фактор салдарынан ірі мұнай кеніші Аш-Шарарада өндіріс тоқтатылып, бұл тәулігіне 300 мың баррель мұнай өндірісінің шектелуіне әкелді», – деп топшылауда батыстық сарапшылар.

Бұған қоса, нарық қатысушылары йемендік хуситтердің коммерциялық кемелерге жасаған шабуылдарынан кейін Қызыл теңіздегі жағдайды бақылауды жалғастыруда.

«Таяу Шығыстағы жағдайдың тез деэскалациясын елестету қиын және бұл фактор мұнай бағасына қолдау көрсетуді жалғастырады», – деді Commerzbank тауар талдаушысы Карстен Фрич.

Бейсенбіде жарияланған АҚШ Энергетика министрлігінің деректері өткен аптада бензин мен дистилляциялық қорлардың күрт өскенін көрсетті, бұл трейдерлердің энергия сұранысының болжамына қатысты алаңдаушылығын арттырып, бейсенбі күнгі саудада мұнай бағасының төмендеуіне әкелген еді.

Ирандағы жағдай инвесторлардың сеніміне селкеу түсірді

3 қаңтар Иранның Керман провинциясында генерал Касем Сүлейманидің қайтыс болғанына 4 жыл толуына орай өткізілген жиын кезінде теракт болды. Қатарынан болған екі жарылыстан сол сәтте зират маңында болған 95 адам қаза тапты. Ирандық БАҚ 211 жаралы туралы мәліметтерді де келтірді, олардың 27-сі ауыр халде. Аталған оқиғаны ел билігі теракт деп бағалады. Бұл 1979 жылғы Ислам революциясынан кейінгі ең қанды лаңкестік әрекет.

«Таяу Шығыстағы шиеленіс бұдан да ауқымды соғысқа ұласса, салдарынан аталған аумақта мұнай өндірісі шектеліп, шикізат тасымалы төмендеуі мүмкін. Бұл бірден «қара алтын» бағасын құбылтты. Салдарынан мұнай қымбаттады», – деп атап өтті халықаралық сарапшылар.

Хуситтердің жасаған шабуылдарынан кейін АҚШ пен Иран арасы одан ары алшақтады

31 желтоқсан хуситтер Сингапурда тіркелген Maersk Hangzhou контейнерлік кемесіне шабуыл жасап, оны басып алуға әрекеттенген, деп хабарлады АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM). Бұл кезде USS Eisenhower және USS Gravely әуе кемелері жақын жерде болған. Олардың тікұшақтары апат сигналына жауап беріп, хуситтердің үш кемесін суға батырды. Он содырдың көзі жойылды.

Осы жағдайдан кейін Иран Қызыл теңізге әскери кемесін жіберді, деп хабарлайды Bloomberg басылымы. Бұл қадам шиеленісті күшейтіп, Вашингтонның сауда кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін қиындатуы мүмкін, деп жазады агенттік.

Өткен апта Иран мұнай нарығын құбылтты

Иран Қытай үшін мұнай бағасын көтерді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

«Иран мен Қытай арасындағы мұнай саудасы тоқтап қалды, өйткені Тегеран жанармай бағасын көтерді», – деп жазады Reuters жеке ақпарат көздеріне сілтеме жасап.

Тегераннан жеткізілім Қытайдың мұнай тұтынуының шамамен 10%-ын құрайды.

«Бұл үлкен дефолт болып саналады. Бағаны көтеру туралы бұйрық Тегеран тарапынан айтылу мүмкін, өйткені олар жеткізілімдер мен делдалдарға кедергі келтіреді»,— деп хабарлады агенттік.

Reuters Қытайдың Иран, Венесуэла және Ресейден үлкен жеңілдікпен мұнай сатып алу арқылы миллиардтаған доллар үнемдегенін хабарлады. Бұл елдердің барлығы санкцияларға ұшырайды.

Сатып алушылар мұнай бағасын төмендету туралы келіссөздер жүргізуге тырысады. Алайда Қытай тарапының ұсынысымен ресми Тегеран келісе ме, белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз