Жаңалықтар

2024 жылы білім саласында қандай өзгерістер болады?

Фото: Егемен Қазақстан

Биыл Қазақстандағы білім саласында болады деп жоспарланып отырған өзгеріс аз емес. Оның ішінде, ғылымды дамытуға арналған бағдарлама, ҰБТ, білім саласындағы қызметкерлердің жалақысы, жаңа мектептер және т.б. бар. Kursiv Media тілшісі жаңа жылда білім саласын күтіп тұрған өзгерістерге шолу жасады.

ҰБТ: өзгерістер

          2024 жылғы тестілеуде өзгерістер бар. Атап айтқанда, бейіндік пәндерге жаңа тапсырмалар қосылып, тест уақыты қысқарады. Бұрын 4 сағат берілген болса, енді талапкер 3 сағат 30 минутта жауап беріп үлгеруі керек. Дегенмен ерекше қажеті бар балаларға берілетін қосымша 40 минут сақталады. Жалпы алғанда пән санында өзгеріс жоқ. Бұрынғыдай үшеуі міндетті және екеуі — таңдауына қарай, дегенмен «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» деген міндетті пәндерден тапсырма саны 5 сұраққа азаяды. Ал бейіндік пәндер бойынша сұрақ саны артып, жалпы тест тапсырмасы 40 болады. Өзгерістер қатарында бейіндік пәндерде берілген тізім ішінен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Тесттегі сұрақ саны — 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» — 20, «Оқу сауаттылығынан» — 10, «Математикалық сауаттылықтан» — 10 және екі бейіндік пән бойынша — 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.

          Шығармашылық бағытты таңдаған талапкерлер «Қазақстан тарихы» мен «Оқу сауаттылығы» пәндерімен қатар, «Математикалық сауаттылықты» міндетті пән ретінде тапсырады. «Математикалық сауаттылықтан» тест тапсырмалары өмірде математикалық логика бойынша алған білімдерін, дағдыларын қолдана алуын тексеруге бағытталған, сондықтан бұл пән барлық тестке тапсырушыға міндетті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен грант тағайындау конкурсына қатысу мүмкіндігін ресми түрде бекіткен еді. Егер ақылы негізде оқысы келсе, онда 2024 жылғы талапкерлер тестілеуден бес рет өте алады.

Оқулықтар толықтай цифрландырылады

          Оқу процесін басқаруды цифрландыру үшін республика бойынша 7 мың мектепте электрон журналдар мен күнделіктер жүргізу, бағалау, үй тапсырмасын беру, жоспар қалыптастыру және қашықтан оқыту сияқты негізгі қызметтерді қамтитын білім беру платформалары енгізілген. Министр Бейсембаев «Қазіргі таңда оқулықтардың 79%-ы цифрлық форматқа көшіріліп, мемлекеттік сараптамадан өтті және оқулықтар тізіміне кірді. Сонымен қатар виртуал зертханалар мен геймификация элементтері цифрлық контентке енгізіліп жатыр. Электрон оқулықтар әзірлеу жұмысына еліміздегі 11-ден аса отандық баспа ат салысты. Пәндерді электрон оқулықтармен 100% қамту 2024 жылға жоспарланған. Педагогтер үшін электрон оқулықтарды тиімді пайдалану әдістемелері әзірленіп, оқыту жұмыстары басталды» деген еді.

Оқу гранттары жайлы

          Биыл 93 мың білім гранты бөлінеді деп жоспарланып отыр. Бұл туралы сала министрі Саясат Нұрбек атап өткен еді. 2024 жылдан бастап «Келешек» деген ерікті мемлекеттік жүйе іске қосылады. Бұл жүйенің көмегімен университетте оқуға ақша жинауға болады. Ал бастапқы капиталды мемлекет салады. Ол үшін ата-аналардан баласына арнайы шот ашу сұралады. Баласының жоғары оқу орнына қамсыз түскенін қаласа, ата-ана баласы беске келген соң шот ашып, сол жерде жинай алады. Осылайша 18 жасқа келгенге дейін баланың арнайы шотында 12,5 миллион теңгедей жинау мүмкіндігі бар екен. Қысқаша айтатын болсақ, жүйе аясында балаға арнайы шот ашылып, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады. Онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қаражаты жиналатын болады. Айына 1 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна салынатын болса, бала 18 жасқа толғанша 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналады. Ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін жетсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинау мүмкін болады. «Келешек» бағдарламасы арқылы қаржыландыру 2036 жылға дейін жүргізіледі деген жоспар бар. Кейін жоғары оқу орындарына берілетін грант біртіндеп азая береді. Бұл ретте мемлекет азаматтарды оқуға ақша жинауға ынталандыруға күш салып отыр. Ойдағыдай іске асып жатса, мемлекеттік гранттарға деген сұраныс та азаяды.

Оқушылардың қазақ тілін қаншалықты білетіні сыналады

          Мемлекеттік тілден емтиханды 5-8, 10-сынып оқушылары тапсырады. Биылғы мамырдан бастап, оқушылардың қазақ тілін қаншалықты білетіні сынға салынады деген сөз. Бұрын мұндай емтиханды 9 және 11 оқитындар ғана тапсыратын. Сынақ қалай өтеді? Ауызша және жазбаша формада тапсырылады. Айтылым, сөйленім, оқылым және жазу дағдылары тексеріледі. Тапсырмаларды мұғалімдері өзі дайындайды. Емтихан нәтижесіне қарай жылдық баға қойылады.  

Соңғы қоңырау 25 мамырда өтеді

          2023-2024 оқу жылында сабақ 25 мамырда аяқталады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай деді. Ол оқу жылының 36 аптаға созылуына қатысты былай деген еді: «Бұл мәселеге қатысты қоғамда сын көп болып, педагогтер қауымдастығы тарапынан ұсыныстар болды. Бұл әлемдік тәжірибе екенін мойындауымыз қажет. Дегенмен, мұндай жаңашылдықты енгізген кезде барынша тыңғылықты дайындық қажет. Министрліктің шешімі дұрыс болды деп санаймын. Бірақ, асығыстық болды. Осыған орай осы оқу жылында 34 апталық оқу ұзақтығына оралып, сабақты 25 мамырда аяқтау дұрыс деп есептеймін». Министрдің айтуынша, алдағы оқу жылы ішінде қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп, оқу бағдарламасын бейімдеу керек және 36 апталық оқу ұзақтығына оралу мәселесін 2025 жылдан бастап қайта пысықтаған дұрыс. 2022-2023 оқу жылында оқушылар алғаш рет мамырдың соңына дейін оқыған еді. 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болғандықтан, соңғы қоңырау рәсімі 1 маусымға өткізілген.

Балабақша педагогтері мен ғалымдардың айлығы өседі

          2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге өсетіні туралы көп жазылды. Бұл ретте білім саласы қызметкерлерінің айлығы да көтерілетінін атап өту керек. Мәжіліс депутаттары 2024-2026 жылдарға арналған республикалы бюджетті талқылаған кезде қазақстандықтардың кейбір санатының жалақысын арттыруды да айтқан. Қаржы министрінің баяндамасында халықтың табысын көтеруге бағытталған бағдарламаны іске асыруға осы жылы 3,5 трлн теңге бөлінетінін атап көрсеткен. Оның ішінде 2,5 трлн теңге 1,5 млн бюджет қызметкерлерінің айлығын көтеруге жұмсалады екен. Нақты сала бойынша айтсақ, 96 млрд теңге балабақшада істейтін педагогтердің айлығын 30 пайызға көтеруге бағытталады. Ал 616 жетекші ғалымның еңбекақысын арттыруға бюджеттен 242 млрд теңге бөлінеді. 

Айрықша назар ғылымға бөлінеді

          Премьер-министр Әлихан Смайылов ғылымды дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған басым бағыттарын талқылау үшін жыл соңында Жоғары ғылыми-техникалық комиссия отырысын өткізген еді. Отырыста ғылым, білім жүйесі мен инфрақұрылымға қатысты 80-ге жуық көрсеткіш қамтылған. Осылайша Цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім министрліктері еліміздің халықаралық аренадағы позицияларын жақсарту үшін ғалымдарға қажетті жағдай жасау және инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыруы керек деген тапсырма берген. Демек, 2024 жылы осы бағытта біраз іс атқарылады деген сөз. Смайыловтың сөзінен соң Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылымды дамытуға қатысты алты басым бағыт әзірленгенін жеткізді. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздікке баса назар аударылмақ. Сонымен қатар       «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану», «Энергия, озық материалдар және көлік», «Озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар», «Елдің зияткерлік әлеуеті», «Өмір және денсаулық туралы ғылым» және «Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту» бағыттары енді.

          Алдағы жылдары ғылымға 640 млрд теңге бөлінеді. Сонымен бірге жас ғалымдарды қолдау механизмдері де іске қосылып жатыр. Оның ішінде академиялық дәреже үшін ақы төлеу, әлеуметтік қолдау механизмдерінің көмегімен үй алу бар. Былтыр жыл соңында «Отбасы банкпен» бірлесіп, қанатқақты жоба да басталған еді. Яғни мыңға тарта жас ғалымға жеңілдетілген шарттармен үй алуға мүмкіндік беріледі.