Open Banking технологиясы Қазақстанға не береді

Жарияланды (жаңартылды )
Использование счетов разных банков в одном приложении

ҚР Ұлттық Банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қатысуымен Қазақстанда Open API және Open Banking дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын ұсынды.

Реттеуші тестілеу кезінде болған қиындықтарды анықтап, кемшіліктер арасында тұрақсыздық тіркелгенін атап өтті. «Курсив» тілшісі бұл технологияны пайдаланудың қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар екеніне тоқталып өтті.

Тұжырымдаманы әзірлеу аясында ҚРҰБ, ҚНРДА және БҚДА реттеушілері екінші деңгейлі банктермен алдын ала талқылаулар жүргізді. Тестілеуге Bank RBK, Altyn Bank, Home Credit Bank, «Банк ЦентрКредит» және «Отбасы банкі» алғашқы төрт банктің мобильді қосымшалары арқылы қатысты.

Кейбір мәселеге қарамастан, пилоттық жобаның нәтижелері ашық банкинг шын мәнінде пайдаланушылардың заманауи талаптарының ажырамас бөлігі болып табылатынын және сонымен бірге қаржы нарығын белсенді дамыту үшін негіз құратынын дәлелдеді, делінген баяндамада. Ұлттық банк Оpen API жобасына қатысушылардың санын кеңейтуді және 2024 жылдың соңына қарай осы жүйе ішіндегі аударымдарды тексеруді жоспарлап отыр.

«Қаржы секторының осы цифрлық саласын дамыту ЕДБ және Open API базасында төлем қызметтерін өзге де жеткізушілердің ынтымақтастығы нәтижесінде жаңа қаржылық қызметтер мен өнімдердің, сондай-ақ бизнес-модельдердің пайда болуына ықпал етеді», – делінген хабарламада.

Фокус-топқа шамамен 130 адам кірді. Экономист Арман Байғанов пен қаржы талдаушысы Арман Бейсембаев осы жобаның пайдаланушылар үшін қандай артықшылықтар бар, сондай-ақ банктер үшін бұл мүмкіндікті дамыту қаншалықты пайдалы деген сұрақтарға жауап берді.

«Менің ойымша, Open Banking жүйесін Қазақстан және банк қызметтерін дамыту үшін енгізу дұрыс. Бұл әсіресе қаржылық қызметтердің клиенттері үшін тиімді», – деді экономист Байғанов.

Сарапшының айтуынша, АҚШ, Еуропа, Үндістан, Қытай, Австралия, Ресей бұл жүйені енгізіп үлгерген. Қазақстан артта қалмауға тиіс. Бірақ дербес деректерді дұрыс қорғау үшін заңнамалық деңгейде «белгілі бір тармақтарды» қатайту қажет.

Қаржы талдаушысы Бейсембаев бағдарламаның оң және теріс жақтары туралы айтуға әлі ерте дейді. Алдымен жұмыс принциптерін зерттеу қажет болатынын айтады.

«Менің ойымша, банктер бұл жүйеге мүлдем қарсы болады. Атап айтқанда, өзінің дамыған ішкі экожүйесі бар елдің жетекші банктері. Оларға мұндай интеграция, негізінен, қызықсыз және тартымсыз болуы мүмкін», – деп есептейді Бейсембаев.

Сондай-ақ оқыңыз