«Самұрық-Қазына» кірісті 17 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр
«Самұрық-Қазына» шоғырландырылған түсімді 2024 жылы 17 трлн теңгеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.
«Желтоқсан айының соңында «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесі Қордың 5 жылдық бизнес-жоспарын және жылдық бюджетін бекітті. Осылайша, жоспарланған кезеңде 2024 жылы қордың шоғырландырылған түсімі 17 трлн теңгеден асады деп болжанып отыр», – делінген хабарламада.
2023 жылғы қаңтар – маусым қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» кірісі 7,147 трлн теңгеге дейін қысқарды. Бұл 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,2% – ға төмен. 2022 жылы мемлекеттік холдингтің кірісі 14,785 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 26% – ға артық. Қор 2023 жылғы кірістер туралы мәліметтерді әлі хабарлаған жоқ.
2022 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қоры 1,922 трлн теңге таза пайда тапқан. Ал 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза пайдасы 1,03 трлн теңгені құраған.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры 2023 жылы 1,8 трлн теңге таза пайда алуды жоспарлап отыр. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5,1%-ға аз. Алайда қордың экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов бұл өте жақсы көрсеткіш деген пікір айтқан болатын.
Мемлекеттік холдинг «Самұрық-Қазына» жалпы сомасы 21 триллион теңгеге жуық 35 жобаны жүзеге асырып жатқанын хабарлады. Оның ішінде мұнай-химия саласындағы жобалар, жаңа өндіруші қуаттарды іске қосу жобалары, жаңа теміржол желілерін салу және т.б. бар. Сонымен қатар қор ел экономикасындағы мемлекеттің үлесін азайтуға көмектесетін жекешелендіру бағдарламасын жалғастырмақшы.
«Самұрық-Қазынаның» жалғыз акционері – Қазақстан үкіметі. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2008 жылы құрылды. Қор елдің ең ірі стратегиялық компанияларын басқарады, соның ішінде Air Astana, «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы», KEGOC және т.б бар