Alageum Electric Қазақстанның электр генераторлар нарығында монополистке айналуы мүмкін
Фото: Alageum Electric
Alageum Electric Қазақстанның электр генераторлары нарығында монополистке айналуы мүмкін. Оған Қазақстанның енді трансформаторлардың кейбір түрлері мен эллектргазды оқшауланған кешенді тарату құрылғыларын басқа елдерден сатып алмауы себеп болады. Бұл бүкіл ішкі сұранысты қазақстандық компания жабуы үшін қолға алынып отыр. Әңгіме электрлік трансформаторлар мен сұйық диэлектрикті трансформаторлар жайында болып отыр.
Тиісті қаулы «Ашық НҚА» порталында жарияланды және 22 қаңтарға дейін жария талқылауда болады.
Сонымен қатар жоба трансформаторлар мен элегазды оқшауланған кешенді тарату құрылғыларын өндіруші отандық компанияларды қолдауға көмектесетіні айтылған. 2023 жылы Қазақстанда трансформаторларға деген сұранысы 49,8 млрд теңге болды, оның 14 млрд теңгесі сырттан келген.
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ірі «Alageum Electric» электротехникалық компаниясының өндірістік қуаты 47% болды. Жоба негіздемесінде жыл сайын 61,9 млрд теңгеге 20 мың данаға жуық трансформатор шығарылғаны, оның ішінде ішкі нарыққа шыққаны 36 млрд теңге болғаны жазылған.
«Осылайша, отандық ірі компаниялардың бірі «Alageum electric» ЖШС қуаттылығын 58% пайдалану арқылы отандық өндірушіге қолдау көрсете отырып, мемлекеттік сатып алу аясында сатып алынған трансформаторлардың нарықтық көлемін 100% жабуға мүмкіндік бар», – делінген құжатта.
«Alageum electric» компаниясы 2017 жылдың қазан айында құрылған. Kompra мәліметінше, компанияның негізгі қызметі коммерциялық қызмет және басқару мәселелері бойынша кеңес беру.
14 желтоқсандағы жағдай бойынша ЖШС құрылтайшылары – Жанділла, Еркебұлан, Ержан, Сұлтан және Азамат Ілиясовтар. Ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметке қарағанда, бұл «Alageum Group» компаниясының негізгі иесі Сайдулла Қожабаевтың ұлдары. Сайдулла Қожабаев Forbes мәліметі бойынша Қазақстандағы ең бай және ең ықпалды бизнесмендердің қатарында, сәйкесінше 41 және 29 қатарды иемденеді. Оның байлығы 170 миллион доллар.