Табысты жалпыға бірдей декларациялау ШОБ-қа қалай әсер етеді
1 қаңтардан бастап Қазақстанда шағын және орта бизнестің жұмыс істеу шарты өзгерді. Біріншіден, жалпыға бірдей декларацияның үшінші кезеңі ресми түрде күшіне енді. Екіншіден, тексерулерге мораторий аяқталды. «Курсив» мұның неге әкелгенін және оның салдары қандай болатыны жайлы материалында көрсетуге тырысты.
Нарықтағы жағдай
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мәліметтеріне сәйкес, 2023 жылдың үш тоқсанында елдегі қолма-қол ақшасыз төлем жасау 86% (былтырғы жылғы осындай кезеңде 82%) болған. Тұрақты түрде қолма-қол ақшасыз төлем жасаушылар қатарында алты жастан асқан балалар да бар. Kursiv Research әлеуметтік зерттеулер орталығының мәліметтері қазақстандықтардың 41,4%-ы балаларына банк картасын рәсімдегенін көрсетеді.
Қазір барлығы қолма-қол ақшасыз төлем жасауға үйреніп алды. Көптеген кәсіпкер ашық жұмыс істеп, салық төлей бастады.
Тап қазір кәсіпкерлер не істеуде
Кәсіпкерлердің көпшілігі төлемді өздерінің бизнес-шоттарына қабылдайды. Бірақ та шағын бизнес өкілдерінің кейбірі әлі де болса жасырын жұмыс істеп жатыр.
1 қаңтарда декларацияның жаңа ережесі енгізілгеннен кейін, тұтынушылар қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдамайтын жағдайға тап болды. Себебі неде? Енді активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны жеке кәсіпкерлер, басшылар мен заңды тұлғалардың құрылтайшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары да тапсырады. Бұл барлық табыс мемлекет үшін ашық, ал бизнесмендер салық төлеуден жалтармау үшін керек.
Желтоқсан айында жағдайға қатысты түсініктеме берген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жаңа жүйені қолданудың бірінші жылында ШОБ үшін айыппұл болмайтынын айтқан еді. Сонымен қатар министр қазақстандықтардың жеке мобильді ақша аударымдарын қадағалауға тырысатын салық органы қызметкерлері жұмыстан шығатынын да айтқан.
Алайда неге кәсіпкерлер сонда да қолма-қол ақшамен есеп айырысуға тырысып бағуда? Біріншіден, салық төлемес үшін табыстарын жасырмақшы. Екіншіден, жүйені жете түсінбейді, терминалды сатып алу мен қою артық ақша шығару мен уақытты қажет етеді деп ойлайды.
ШОБ-тың қолма-қол ақшаға көшуінің теріс жақтары
Бірінші тәуекел: клиенттер мен сатылымды жоғалту. Осыған дейін айтқанымыздай, тіпті алты жастан асқан балалардың өзі қолма-қол ақшасыз төлем жасауға төселіп қалды. Егер дүкенде сатып алушыға (ережеге қайшы) қолма-қол ақшасыз төлем жасауға мүмкіндік болмаса, ол бұрылып кетіп қалады да, басқа дүкенге барады.
Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңының 25-бабында тұтынушылар төлем жасаудың әртүрлі тәсілдерін: банктік карта, QR-төлем және қолма-қол ақшаны пайдалану құқы бар екені белгіленген.
Екінші тәуекел: айыппұлдар. Кәсіпкерлердің қолма-қол ақшасыз төлем жасауды қабылдамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеледі. Бірінші рет ескерту жасалады, қайталанған жағдайда 40 АЕК ( 2024 жылы 147 680 теңге) айыппұл төлейді. Егер кәсіпкер қолма-қол ақшасыз төлемді қабылдаудан бас тартатын болса, онда мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау керек.
Үшінші тәуекел: салықтық тәуекел. 1 қаңтардан бастап бизнесті тексеруге арналған мораторий алынып тасталғандықтан, салықтан жалтарудың салдары да үлкен болуы мүмкін. Ресми тексеруге кәсіпкер фискальді чек бермейді, салық төлемейді, тауарлар мен қызметтер үшін төлемді тек қолма-қол ақшамен ғана қабылдайды деген ақпарат жеткілікті.
Табысты жасыруға тырысса не болады
Төлемді қолма-қол ақшамен қабылдау салық органынан табысты жасыруға көмектесе ме? Жоқ. Біріншіден, кәсіпкерлер қолма-қол ақшаны алғаннан кейін, оны жұмсайтыны анық. Ал мұның барлығы декларацияда көрсетілу керек. Түскен ақшаны туыстарға аудару да «құтқармайды». Кез келген ірі шығын мемлекеттік органның қызығушылығын «оятады». Егер жұмсалатын ақша алатын ресми жалақыдан асып кететін болса, оның қайдан келгенін түсіндіру керек болады. Сол кезде туыстардың да жауап беруіне тура келеді.
Егер жеке тұлға салық органы өкілдеріне ақшаның қайдан келгенін түсіндіре алмаса, онда 10% көлемінде жеке табыс салығын төлейді. Айта кету керек, жеке кәсіпкер салықты 3% көлемінде төлейді.
Егер салық органы табысты жасырғанын білсе, онда салық салудың жасырын объектісі бойынша төлеуге жататын салық сомасының 200% мөлшерінде айыппұл салынады (ӘҚБтК-нің 275-бабының 1-тармағы). Бұзушылық қайталанса, айыппұл 300%-ға дейін өседі (сол баптың екінші абзацы).
Үкіметтегілер не дейді
Мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі кеңесші, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қоғамдық палатасының мүшесі Наталья Малярчук елдегі шағын және орта бизнес өкілдерінің алдында тұрған негізгі міндеттерді атады.
«Кәсіпкерлердің, әсіресе, микро және шағын бизнестің алдында бизнес ретінде өзгеру мәселесі өткір тұр. Бұл таңдау жақын арада жасалуы керек, өйткені «көлеңкелі» немесе тіпті сұр аймақта жұмыс істеу әлдеқайда қымбатқа түседі. Бұл жерде салық органдарына да, үкіметке де көп жұмыс істеуге тура келеді. Бәріміз үкіметке сене бастауға және еліміздің дамуына, оны көркейтуге және байытуға жұмыс істеуіміз керек»,– дейді Малярчук.
Наталья Малярчук Қазақстандық кәсіпкерлерге арнайы әзірленген мобильді банкинг қосымшалары арқылы санаулы минуттарда ЖК ашып, төлемдерді бизнес шотына қабылдауды бастай алатыны және салықты төлей алатынын тағы да еске салды.
Көптеген банк PoS-терминалды тегін ұсынады, оны QR кодтары немесе банк карталары арқылы төлемдерді қабылдау үшін пайдалануға болады. Сонымен қатар, көптеген банк өздерінің бизнес-клиенттеріне ашық ақша айналымы болса, тиімді мөлшерлемемен несие беруді, кассалық машиналарды тегін қосуды және фискалдық түбіртектерді автоматты түрде қалыптастыруды ұсынады.