Шағын жол-көлік оқиғаларын полиция шақырмай-ақ рәсімдеуге болады

Жарияланды
Күндізгі жаңалықтар редакторы
Фото: kursiv.media

1 қаңтардан бастап жүргізушілер ұсақ жол-көлік оқиғаларын полиция шақырып, сотқа бармай-ақ, сақтандыруды  «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасы арқылы  рәсімдей алады.  

«Қосымшаның көмегімен жүргізушілер өздері жол-көлік оқиғалары фактісін тіркеп, сақтандыру компанияларына материалдық залалды өтеуге өтінім береді», – деп жазылған Polisia.kz хабарламасында.  

«Еурохаттама» мобильді қосымшасы арқылы жол-көлік оқиғаларын ресімдеудің міндетті үш шарты бар.

1) Жол-көлік оқиғасына екі көлік құралы ғана қатысқан кезде;

2) Жүргізушілердің қолданыстағы сақтандыруы болуы қажет. Сондай-ақ кім кінәлі, ал кім зардап шегуші екенінде келіспеушіліктер болмаған кезде;

3) Апат салдарынан денсаулыққа залал келтірілмесе, ал көлікке келтірілген шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен (369 мың теңге) аспаса ғана онлайн қосымша арқылы сақтандыруды рәсімдеуге болады.

Жол-көлік оқиғасын ресімдеу үшін мобильді телефонға «Еурохаттама» қосымшасын қосып алып, тіркелу рәсімін жүргізіп, оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек.  

«Еурохаттаманың» артықшылығы неде:

Біріншіден. Азаматтар ұсақ жол-көлік оқиғаларын ресімдеу үшін полицияны күтпейді, осылайша жолдардағы кептеліс жағдайлары төмендейді.

Екіншіден. Жеңілдетілген тәртіппен тіркелген жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.

Үшіншіден. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады. Егер бұрын осының бәрі 30-дан 90 күнге дейін уақытты алса, қазір хаттама тіркеу сәтінен бастап төлемді алуға шамамен бес күн кетеді.  

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда полицияға немесе сақтандыру компаниясына хабарласпай-ақ «Еурохаттама» арқылы Жол-көлік оқиғасын онлайн тіркеу енгізілген

Бұған дейін 4 қаңтарды жыл басталған төрт күн ішінде жол-көлік оқиғасын онлайн-тіркеу бойынша мыңнан астам өтініш келіп түскенін жазған болатынбыз.

«2024 жылдың алғашқы күндердің қорытындысы бойынша статистикаға сәйкес, бас-аяғы 1099 өтініш түскен. Оның ішінде тек 6 өтінім ғана «тіркелді» деген соңғы мәртебеге ие болды. Яғни жол-көлік оқиғасындағы екі қатысушысы қол қойды және өтініш бірыңғай сақтандыру дерекқорының қызметіне жіберілді», – деп хабарлаған  Бірінші кредиттік бюро.

Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап елімізде автокөлікті міндетті сақтандыру әр өңірде тіркелген жол-көлік оқиғасының санына қарай анықталатын болады. Осылайша, сақтандыру жарнасы кейбір өңірлерде қымбаттап, кей өңірде арзандайды. 

Сақтандыру қызметтерінің ішінде автокөлікті сақтандыру сегменті белсенді жұмыс істейді, олай болатын себебі қызметтің бұл түріне деген сұраныс деңгейі өте жоғары. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша (2023 жылдың маусым айының басындағы мәлімет) 4,5 млн автосақтандыру полисі рәсімделді, оның ішінде 0,27 млн-ы – ерікті полис.  Сол себепті автосақтандыруға қатысты әртүрлі қауесет пен шындыққа жанаспайтын дүниелерді біліп жүрген артық болмайды

Сондай-ақ оқыңыз