Серікжан Сейтжановтың компаниясы Ақшабұлақта мұнай өндірмекші
Серікжан Сейтжановқа тиесілі «Саутс ойл» компаниясы 2027 жылдан бастап Қызылорда облысындағы Батыс Ақшабұлақ кен орнында жыл сайын 100,3 мың тонна мұнай өндірмекші.
Компания кен орнын игерудің үш нұсқасын, оның ішінде ұсынылған екінші нұсқаны қарастырып жатқанын хабарлады. Ұсынылып отырған жоба бойынша 17 пайдалану ұңғымасы бұрғыланып, сегіз ұңғыма қайта ашылады. Осылайша, пайдалану ұңғымаларының жалпы қоры 25 бірлікті құрайды. Мұнай өндірудің жылдық максималды көлемі 2028 жылы – 100,3 мың тонна, жиынтық мұнай өндіру 1,23 миллион тонна болады.
Мұнай 2027 жылдан 2046 жылға дейін өндіріледі. Бұл ретте жобаны әзірлеу мерзімі 2055 жылға дейін деп көрсетілген.
Екінші нұсқа ең үлкен өндіру көлеміне байланысты таңдалған болуы мүмкін: бірінші нұсқада 8 жаңа ұңғыма және 8 қайта іске қосылған ұңғымалар 725,3 мың тонна мұнай береді, ал үшіншісі 21 жаңа және 8 қайта іске қосылған ұңғымалармен 1 166 мың тонна мұнай береді.
Батыс Ақшабұлақ кен орнында мұнайды өңдеуге, сондай-ақ шикі газды кәдеге жаратуға және өңдеуге арналған қуаттылық жоқ. Сондықтан ұңғымалардағы мұнай сорғымен мұнай көтергішке айдалады және мұнайды тауарлық сапаға дейін дайындау үшін Кенлік «Саутс Ойл» кен орнына автокөлікпен тасымалданады. Жұмысқа суды Шығыс Ақшабұлақ кен орнындағы ұңғымадан алу жоспарланған.
Батыс Ақшабұлақ кен орны Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында орналасқан. Ең жақын елдімекен мен теміржол станциялары: Қызылорда (оңтүстік-шығысқа қарай 150 км), Жезқазған (солтүстікке қарай 260 км), Тереңөзек ауылы, Жосалы станциясы (батысқа қарай 160 км), Құмкөл мұнай кәсіпорны (солтүстік-батысқа қарай 40 км). Кен орнынан солтүстікке қарай 40 шақырымдай жерде Қарақойын-Құмкөл мұнай құбыры өтеді. Кен орнында оңтүстіктен солтүстікке қарай Ақшабұлақ – Құмкөл – Қарсақпай – Жезқазған электр беру желісі өтеді.
«Саутс Ойл» компаниясының 57,16 пайызы «ОҢТҮСТІК» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясына (ҚСӨК) тиесілі. Ал ҚСӨК-тің 50 пайызы Серікжан Сейітжановқа, 10 пайызы Нұржан Сейітжановқа, 10 пайызы Жанна Сейітжановаға, 10 пайызы Қаншайым Сейітжановаға, 10 пайызы Бауыржан Сейітжановқа және тағы 10 пайызы Бақытжан Сейітжановқа тиесілі. Осылайша, Сейітжановтар отбасы «Саутс Ойл» компаниясының негізгі бақылаушы тарапы болып отыр.
«Саутс Ойл» өндірілген шикі мұнайды Каспий құбыр консорциумы (КҚК) және «ҚазТрансОйл» (ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорны) құбыр жүйелері арқылы экспорттайды. Сонымен қатар «Саутс Ойл» шикі мұнайды трейдерлер арқылы «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» (Шымкент МӨЗ) компаниясының мұнай өңдеу зауытына өңдеу үшін жеткізеді. Жергілікті нарыққа шикі мұнайды жеткізу жергілікті зауыттардың жұмыс қабілеттілігін сақтау және республикалық нарықты тазартылған өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында ай сайын Энергетика министрлігімен келісілген көлемде жүзеге асырылады.
«Саутс Ойл» компаниясының Кеңлік кен орнында (2033 жылға дейін), Қарабұлақ кен орнында (2035 жылға дейін), Ақтау кен орнында (2042 жылға дейін), Есжан кен орнында (2042 жылға дейін) мұнай өндіруге шарттары бар. Сондай-ақ Солтүстік Ақшабұлақ және Шығыс Ақшабұлақ (2026 жылға дейін)кен орындарында барлау және өндіруге арналған келісімшарттар бар. Бұған қоса, компанияның Қалжан кен орнында барлау жұмыстарын жүргізуге келісімшарты болған.
Компанияның иесі Серікжан Сейітжанов 2023 жылдың мамыр айында Сиань қаласында (ҚХР) Өгем өзенінде 72 МВт су электр стансасын және Түркістан облысында қытайлық Power Corporation of China (POWERCHINA) корпорациясымен топтық су құбырын салу жобасы бойынша келісімшартқа қол қойды.
Келісімге қол қою рәсімінен кейін Серікжан Сейітжанов су электр станциясын 2-2,5 жылда салу жоспарланып отырғанын, одан кейін оның қуатын 165 МВт-қа дейін арттыруға болатынын айтты. Алдын ала есептеулер бойынша жобаның құны 148,7 млрд теңге. Жоба бойынша Жаңабазар ауылында ұзындығы 12 шақырымдық тоннельді бұрғылау және су қоймасы мен тазарту станциясы бар 40 шақырымдық су құбырын тарту қарастырылған. Жыл сайын 110 миллион текше метр ауыз су мен 72 МВт электр қуаты өндіріледі. Бұл Түркістан облысының бес ауданының (Қазығұрт, Сарыағаш, Келт, Жетісай және Мақтарал) 1 миллионнан астам тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешеді.
Сейітжановтар отбасы – Forbes мәліметі бойынша, Қазақстанның ең бай адамдары тізімінде 23-орында. Олардың 360 миллион капиталы бар Мұнай компаниясынан бөлек, бес жұлдызды Rixos Khadisha Shymkent қонақүйі, Satti Zhol жанармай құю станциялары желісі, цемент зауыты және басқа да мүліктер тиесілі.