«Майқайыңалтын» шахтасында жоғалған адамдарды іздестіру-құтқару жұмысы тәулік бойы тоқтаусыз жалғасып жатыр

Жарияланды
Майқайың

Майқайың шахтасының аумағындағы шұңғырға құлаған автобустың орны анықталды / Фото: kursiv.media

«Майқайыңалтын» шахтасының аумағында геосканерлеу жүргізілді. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Instagram парақшасына жазды.

«Бүгін таңертең «АҚ Алтыналмас» АҚ (Балқаш қ.) мамандары мен ТЖД құтқарушылары кран орнатып, бос орындарды, металды немесе басқа да ауытқуларды анықтау үшін жергілікті жерді геосканерлеу жүргізді. Сканерлеу сағат 15.30 – да аяқталды. Нәтижелері өңделіп, шамамен автобустың орналасқан жері анықталды. Оның жоғары бөлігіне дейінгі тереңдік шамамен 5-7 метрді құрайды, – деп нақтылады Асайын Байханов.

Өңір басшысының жазуынша, сағат 20.00-де штаб отырысы өткізіліп,  автобусқа дейін жетуі тиіс шағын экскаваторды шұңқырға түсіру үшін траншея дайындау жұмысын және құтқарушылардың әрі қарайғы іс-қимылын күшейту туралы шешім қабылданған.

«Жоғалған адамдарды іздестіру тәулік бойы, бір минутқа да тоқтамай жүргізілуде. Іздестіру жұмыстарына барлығы 136 адам, 41 бірлік техника, 3 кинологиялық есеп және 2 бірлік дрон жұмылдырылды», – делінген Павлодар облысы әкімінің Instagram парақшасында.

4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

«Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ», – деп хабарлады бастапқыда Облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын  жариялады.

5 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.

6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134 адам мен 37 бірлік техникаға және 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылды.

Дәл осы күні Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің кинологтар бригадасы келіп, іздестіру жұмысына кірісті. Сонымен қатар шахтадағы  қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу басталды.

Бұл туралы Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов:

«Екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша полиция Қазақстан Республикасы ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», – деді.

Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Есепке сүйенсек, ол Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген.RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Милан Попович Швейцария азаматы. Ол Хюненберг қаласында тіркеуде тұр.

Сондай-ақ оқыңыз