Қазақстан жайлы шетелдік басылымдарда жарық көрген жағымды жаңалық жасанды интеллект көмегімен жазылған – Times

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Шетелдік басылымдарда жарық көрген Қазақстан жайлы жағымды жаңалықтар жасынды интеллект көмегімен жазылған – Times / shutterstock

Белгісіз адамдар жасанды интеллект көмегімен Қазақстан жайлы жағымды жаңалықтар жазып, оларды шетелдік ғалымдардың атынан халықаралық БАҚ-қа жариялаған.

Times басылымның ақпаратына сүйенсек, Euronews телеарнасына Оливер Тернер мен Адам Бауэр есімді ғалымдардың Қазақстан туралы мақаласы келіп түседі. Алайда редактор мәтіннің сөз саптауына күмән келтіріп, оларды қабылдамайды. Мақаланы тірі адам жазғанын тексеру үшін арнайы бағдарламаға жүгінеді.

Эдинбург университетінің аға оқытушысы Тернер мен Шотландияның Сент-Эндрюс қаласындағы университеттің академигі Бауэр өздерінің аталмыш мақалалардың авторы емес екендігін айтқан.

«Бұл алаңдатарлық мәселе. Алайда өзгенің атын жамылу үрдісі жиі кездесуде», – дейді Бауэр.

Кейіннен басылымдардың бірі Тернердің атынан мақала жариялап, артынша ғалымның өтінішімен мақала өшірілген.

Times әртүрлі сайттарда ағылшын тілді авторлардың Қазақстан туралы жағымды, бірақ жалған мақалаларын табуға болатындығын және олар жасанды интеллект көмегімен жазылған болуы мүмкін екеніндігін жазады.

Тернер атынан жазылған жалған мақалада «дамушы елдердің», дәлірек айтқанда, Қазақстанның дамуы туралы айтылады. Мәтінде Астана Халықаралық форумы туралы жазылған. Онда бұл оқиғаға «жаһандық саясаттағы орта державалардың рөлін түбегейлі өзгертуді білдіреді» деп баға берілген.

Бауэрдің атынан жазылған материалда не жазылғанын Times нақты айтпаған. Сондай-ақ ғалымдардың атынан Қазақстан туралы жалған мәтіндерді кім жариялап жатқаны да жазылмаған.

Жалпы, 2026 жылға таман жаһандық жасанды интеллект нарығының айналымы 900 млрд долларға жетпек. International Data Corporation зерттеу ұйымының болжамынша, 2022-2026 жылдар аралығында жасанды интеллект саласындағы шешімдер нарығы жыл сайын 18,6 пайызға өсім көрсетіп отырады.

Жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажет. Қазіргі кезде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның да бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандырады деп пайымдаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз