«Тарбағатай Мұнай» компаниясы Қытайға әлемдік бағадан төмен бағамен газ сатқан

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:shutterstocks

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің «Тарбағатай Мұнай» компаниясын қосымша салық пен айыппұл төлеуден босату туралы ұсынысын құптамады.

Әлихан Смайылов Мемлекеттік кірістер комитеті «Тарбағатай Мұнай» ЖШС-ға қытайлық компанияға газды әлемдік бағадан төмен бағамен сатқаны үшін қосымша салық есептегенін мәлімдеді.

Атап көрсетерлігі, «Тарбағатай Мұнай» ЖШС мен қытайлық компанияның өзара байланысы болған.

Үкімет басшысының айтуынша, сот 2023 жылғы 19 қазанда салық берешегін өндіріп алу рәсімін тоқтатты. Салық төлеушіге салық органымен келісіп, оңалту жоспары мен қарызды қайтарудың жаңа кестесін әзірлеуге уақыт берді.

«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық төлеуші өзінің салық міндеттемелерін сақтауға міндетті, ал салық агенті салықтарды толық көлемде және белгіленген мерзімде дәл есептеуге, ұстап қалуға және аударуға міндетті. Бұл ретте тақырыптық салықтық тексеру барысында Серіктестіктің өзара байланысты тараптар болып табылатын XINJIANG JIMUNAI GUANGHULNG DEVELOPMENT CO, LTD компаниясына әлемдік нарық бағасынан төмен бағамен газ сатқаны анықталды. Осылайша салық салынатын айырмашылық пайда болды», – делінді үкімет басшысының депутатқа берген жауабында.

Трансферттік баға белгілеу туралы заңнамаға сәйкес, қандай да бір мәміленің бағасы нарықтағы бағадан ауытқитын болса, Мемлекеттік кірістер комитеті салық сомасын есептеу кезінде түзету енгізуге құқылы. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер органдары компанияға өсімпұл есептелгені туралы хабарлама жолдаған.

Естеріңізге салайық, Ермұрат Бәпи Әлихан Смайловтан қытайлық инвестор бас-көз болып отырған Шығыс Қазақстан облысындағы «Сарыбұлақ» кен орнында газ өндіретін «Тарбағатай-Мұнай» компаниясының 10 млрд теңге салық дауын шешуге және 100 млн тонна мұнай бар кен орнын игеруге көмектесуді сұраған болатын.

«Салықтық міндеттерді тексерудің көпе-көрнеу бұрмалануы салдарынан серіктестікке 10 млрд теңгенің қосымша салығы мен өсімпұлы салынған. Егер «саусақтан сорылып» салынған осы салықтың салдарынан серіктестік өз жұмысын тоқтататын болса, 200-ден астам газөндіруші жұмыссыз қалайын деп тұр», – деп дабыл қаққан Ермұрат Бәпи Әлихан Смайловқа жолдаған депуаттық сауалында.

Мәжіліс депутаты «Тарбағатай Мұнай» компаниясы анықталған қоры 100 млн тоннаны құрайтын Зайсанның ауыр мұнайын өндіруді және Қытайдың «Қарамай» зауытына дейін құбыр тартуды жоспарлап отырғанын жариялап, мақсатқа жету үшін өндіріске 200 млн доллар қаржы құю көзделгенін алға тартқан.

«…Үкіметтен бір тиын қаржы сұрамай, өз мүмкіндігімен және үкіметтік гарантияны қажет етпейтін шетелдік инвестордың көмегімен жұмыс істеймін деп отырған «Тарбағатай-Мұнай» компаниясын салықтың қыспағынан құтқаруға араша түсудің мүмкіндіктерін қарастыруыңызды сұраймын», – деген Ермұрат Бәпи.

Айта кетейік, «Тарбағатай Мұнай» компаниясының түпкілікті бенефициары – Қытай Халық Республикасының азаматы Сан Гуансин. Компанияның құрылтайшылары Carol B.V. және Rifkamp B.V. Нидерландыда тіркелген.

«Тарбағатай Мұнай» компаниясының бас директоры – Арман Құлжанов.
2006 жылы құрылған компания 2007 жылы «Қуат» холдингінен Шығыс Қазақстан облысында барлау және өндіру жұмысын жүргізу лицензиясын алған. 1996 жылғы 11 шілдеде берілген лицензияның мерзімі – 31 жыл.

2022 жылдың соңында компания газ жобасы бойынша коммерциялық өндіру, ал мұнай жобасы бойынша барлау және сынақ сатысында болды. 2020 жылы компания CAOG Pte. Ltd. компаниясының 22,3% үлесін сатып алды.

Өткен жылдың соңында кәсіпорын 248 адамды жұмыспен қамтыды. Компания 4 мың тонна шикі мұнай сақтайтын цистерна жасады. 2022 жылғы ақпанда компания барлау мерзімін 2023 жылғы 5 наурызға дейін ұзартты. 2023 жылы компания мұнай өндіру кезеңіне өтуге тиіс болды. Бұл үшін кен орнын барлау және игеру жұмысына оператор тартуды жоспарлады.

«Сарыбұлақ» кен орнының қоры 24,5 млн тонна мұнайды құрайды. Шикі мұнайдың орташа сату бағасы барреліне 75 доллар болып белгіленді. Компания 2021-2022 жылдары дивидент төлемеген және есептемеген. Аудиттелген қаржылық есебінде көрсетілгендей, «Тарбағатай Мұнай» газ бен мұнайдың 99%-ын өзімен байланысы бар қытайлық компанияға сатады.

2021 жылы Шығыс Қазақстан облысының Мемлекеттік кірістер департаменті компаниядан 7,5 млрд теңге салық пен айыппұл өндіру туралы шешім қабылдаған. Компания сотқа жүгінді. Бірінші инстанция соты талапты қанағаттандырудан бас тартты, ал сол кездегі Нұр-Сұлтан қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. 2022 жылғы тамызда Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы «Тарбағатай Мұнай» компаниясының талап арызын ішінара қанағаттандырды. Осының негізінде компания өткен жылдар үшін 1,9 млрд теңге қосымша салық төлеу міндетін мойнына алды.

2022 жылдың соңында «Тарбағатай Мұнай» 39,8 млрд теңге шығынға батқан. 2022 жылдың соңында компанияның міндеттемелері қысқа мерзімді активтерден 278,9 млрд теңгеге асып түскен. Бұл аудитордың компанияға сенімсіздігі мен күмәнін туғызған. 2022 жылдың соңында компанияның таза шығыны бір жыл бұрынғы 26,1 млрд теңгеден асып, 39,8 млрд теңгені құраған.

Айта кетейік, 2012 жылы Шығыс Қазақстан облысы газға мұқтаж болып отырғанына қарамастан, «Тарбағатай Мұнай» компаниясы Қытайға үздіксіз газ экспорттау мүмкіндігіне ие болды. Осы үшін компанияның қытайлық серіктесі Қазақстанда сұйытылған газ өндіретін зауыт салып беретін болды. Бұл міндет сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов қол қойған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы үкіметтері арасындағы «Сарыбұлақ-Зимұнай» газ құбырын салу және пайдалану жөніндегі келісімде бекітілген.

Келісімнің 8-бабында: «Қытай ұйымы өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағында басқа газ көздеріне жақын жерде заманауи сұйытылған табиғи газ зауытын жобалауға және салуға міндеттенеді», – деп жазылған.

Содан бері 12 жыл уақыт өтті, сұйытылған газ өндіретін зауыттың құрылысы басталған да, аяқталған да жоқ. Себебі бұған Энергетика министрлігі де, QazaqGaz ұлттық газ компаниясы да, үкімет те мүдделі болмады.

Сондай-ақ оқыңыз