Осы жылы алматылық 2 мың отбасы баспаналы болады – әкімдік
20 пайыз тұрғын үй жетім балаларға беріледі / Фото: shutterstock
2024 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын (ХӘОТ) екі мың алматылық отбасы тұрғын үй алады. Бұл баспананың 20 пайызы жетім балаларға таратылады. Ал пәтерлерді өткізу мерзімі 2024 жылдың көктеміне жоспарланған.
Әкімдік 2023 жылы қанша адамның баспаналы болғанын хабарлады. Атап айтсақ, өткен жылы 2454 отбасы баспаналы болған. Оның 2049-ы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша алса, 405-і үйді коммуналдық тұрғын үй қорынан алған. Ал «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы аясында Наурызбай ауданында үш жыл мерзімге 2,1 мың пәтер берілген.
«Курсив» осыған дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2024 жылы қалай баспана алуға болатыны туралы жазған болатын. 7-20-25 бағдарламасы бойынша баспана беру мерзімі 2029 жылға дейін созылады. Баспана алуға ниетті азаматтар Банк РБК, Евразиялық банк, Fortebank, Халық Банкі, Центр Кредит банкі, Altyn Bank, Фридом Финанс Қазақстан банкіне жүгіне алады. Аталған банктердің барлығы осы бағдарлама аясында ипотекалық кредит береді.
Еске сала кетсек осыған дейін депутат Елнұр Бейсенбаев Тұрғын үймен қамту осы қарқынмен жүргізілсе, кезекте тұрған отбасылар саны бірнеше жылда 1 млн-ға жетуі мүмкін екенін айтты. Мәжілісте баспана мәселесіне қатысты баяндама жасаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй кезегінде тұрған адамдарға қатысты мәліметтерге тоқталып, кезекте тұрған 646 мың азаматтың 232 мыңы тізімнен шығарылатынын мәлімдеді.
Министрдің бұл баяндамасына қатысты депутат Елнұр Бейсенбаев өз уәжін айтты.
«Бұл Заң жобасын сіздің алдыңызда бұрынғы министр Өскенбаев таныстырған. Сіз бүгін дәл сол екі жарым жыл бұрынғы репликаны қайталап тұрсыз. Ол да сол кезде 240 мың кезекте тұрған адамды тазалаймыз деген болатын. Олардың бәрін бұлай тазалай салу мүмкін емес. Өйткені мен осыған дейін тұрғын үй басқармасында жұмыс істеп көрген адаммын және кезекте тұрған ол азаматтардың кезекте тұруға заңды құқының бар екенін білем», – деді депутат.
Депутат соңғы 3 жылда кезекке тұрған адамдардың саны 480 мыңнан 640 мыңға өскенін, бұл көрсеткіштің жыл санап өсіп жатқанын айтты. Осылай жалғаса берсе, алдағы бірнеше жылда кезекте тұрғандар саны 1 миллионнан асып жығылатынын ескертті. Ал мемлекет жыл сайын небары 9-10 мың ғана пәтер береді. Пәтер тапшылығын шешу үшін Бейсенбаев жемқорлардан түскен қаражатқа әлеуметтік баспана салу мәселесін де көтерді.