Түркістанға ерекше мәртебе беріледі: ҰЭМ арнайы заң әзірленетінін хабарлады

Жарияланды
Түркістан

Түркістан қаласын Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде дамыту жоспарланған / Фото: kursiv.media

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң әзірленеді. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Осы жылы Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту, сондай-ақ Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру жөніндегі заң жобалары әзірленетін болады», – делінген хабарламада.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, заң жобасы Түркістан қаласын Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптастыру және дамыту үшін қажет.

Айта кетейік, 2024 жылы моно және шағын қаладағы жобаларға 21,2 млрд теңге қарастырылған. Жоба аясында:

  • 370-ке жуық жұмыс орны құрылады;
  • 48 км автомобиль жолдары модернизацияланады;
  • 32 км инженерлік желілерді жаңартылады.

ҰЭМ мәліметінше, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша осы жылы 500 ауылда 178,9 млрд теңгеге 1400 жобаны іске асыру жоспарланған.

Еске сала кетсек, қыркүйек айында Үкімет үйінің баспасөз қызметі еліміздің 10 моноқаласын дамыту жоспарланғанын хабарлады. Жоспарға сай оған 1,7 трлн теңге жұмсалмақ. ҚР Үкіметінің қаулысымен Жаңатас, Қаратау және Риддер қалаларын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бектілді. Министрлер кабинеті Алтай, Арқалық, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, Серебрянск және Степногорск қалалары бойынша кешенді жоспарлар қабылдады. Осылайша, Қазақстанның 10 моноқаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша нақты мақсаттар белгіленді.

Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі моноқалаларды дамытуда кешенді тәсілді қолдану мақсатында Жол картасын әзірлеп жатыр. Жол картасы арқылы жаңа шаралар жүйеленіп, іске асырылмақ.

Қазақстанда 89 қала бар. Оның 27-сі – 1,4 млн халқы бар моноқалалар. Бұл қалалар өнеркәсіп өнімдерінің шамамен 40%-ын өндіреді. 

Сондай-ақ оқыңыз