Алматы құрылыс басқармасы крематорийді уақытында пайдалануға бермеген мердігер компанияға арыз түсірді. Мемлекеттік орган компанияның тұрақсыздығын алға тартып, орындалмаған қызмет үшін айыппұл өндіріп алуға ниетті.
Не болды. Құрылыс басқармасы Алматының ауданаралық экономикалық сотына крематорий салған мердігер компанияға арыз түсірді. Себебі «шарттық міндеттемелерді тиісті түрде орындамаған» деп түсіндірді құрылыс басқармасындағылар.
Әкімдік мердігер компанияны «Мемлекеттік тапсырысты орындай алмайтын қатысушы» деп тануға және одан жергілікті бюджет кірісіне айыппұл өндіріп алуға ниетті. Компанияның атауы әкімдік релизінде айтылмайды.
Айта кетейік, крематорийдің құрылысы 2023 жылдың 23 қарашасында аяқталуы керек еді. Бірақ мердігер жұмысты мерзіміне дейін аяқтай алмады.
«Мердігер ұйымның жұмысы белгіленген мерзімде аяқталған жоқ. Жұмыс мердігер объектіні шартта көрсетілген талаптарға сәйкес толық тапсырған жағдайда ғана орындалды деп есептеледі. Объектіні қабылдаудың бекітілген актісіз оны пайдалануға жол берілмейді», – делінген құрылыс басқармасының хабарламасында.
2020 жылдың соңына қарай Алматы жайлы қалалық орта басқармасы тендер өткізіп, крематорий салатын мердігер ретінде Mega Build Kazakhstan компаниясын таңдаған.
Мемлекеттік сатып алу порталының деректеріне сәйкес, Алматы билігі 2020 жылғы 21 желтоқсанда «Mega Build Kazakhstan» ЖШС-мен 1,47 млрд теңгеге крематорий салу шартына қол қойған. Сатып алу бір көзден, тікелей шарт жасасу арқылы жүзеге асырылған.
Бір залы мен екі пеші бар крематорий Алматы қаласы, Алатау ауданы, Ақын Сара көшесінің солтүстігі, ЖЭО-2-нің шығысына қарай орналасқан патологоанатомиялық бюро жанында салынады.
Mega Build Kazakhstan компаниясының құрылтайшысы – Айдос Жұрынов, компания түрлі құрылыс нысандарын салады. Компания сайтының деректеріне сүйенсек, Mega Build Kazakhstan мердігер ретінде Алматыда бірнеше элиталық тұрғын үй кешенін, Tamos Education оқу орталығын, сондай-ақ Азия газ құбырын және «Жетіген-Қорғас» теміржол желісін салуға қатысқан.
Бұған дейін Алматыда салынатын крематорийдің жобалау-сметалық құжатын әзірлеу тендерін «DNT Center Stroy» ЖШС жеңіп алған. Осы компания крематорий құрылысы барысына авторлық тексеріс жүргізіп, қадағалап отырады. Бұл қызмет құны бюджетке 15 млн теңгеге түседі.
Былтыр Алматы әкімдігі сапасыз құрылыстан 1 мыңнан астам заң бұзу анықталғанын хабарлады. Нәтижесіне 8 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылған.