Рахат Тұрлыханов әйелін тағы да ұрып, әкімшілік ескерту алды
Қазақстандық әнші Рахат Тұрлыханов әйелін тағы да ұрып, әкімшілік ескерту алды. Ол былтыр күздеде жұбайын ұрған, алайда екеуі татуласқасын жазадан құтылып кеткен.
Не болды. 2024 жылғы 9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Тұрлыхановқа қатысты зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша істі қарады. Жұбайын ұрып-соққан әнші Рахат Тұрлыхановқа әкімшілік ескерту жасалды.
«Рахат Тұрлыханов кінәсін мойындады. Жасаған ісіне өкініп, тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізуді тоқтатуды сұрады», – делінген хабарламада.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2 бабы (1-1 б.) бойынша көзделген жаза – ескерту немесе 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу. Алайда Тұрлыханов кінәлі деп танылғанмен, тек әкімшілік ескерту алды.
Әнші туралы не белгілі. 90-шы жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басында Тұрлыханов танымал әнші болды. 2004 жылы ол өзінің мансабын аяқтайтынын хабарлады. БАҚ-тың хабарлауынша, кейінгі жылдары ол Предгорный мұнай базасының директоры, Ұлыбританиядағы елшінің үшінші хатшысы және «Атамекен» Одағы Ұлттық экономикалық палатасының жастар кәсіпкерлігі департаментінің директоры болды.
Айта кетейік, былтыр Рахат Тұрлыхановтың туысы мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болатқа қатысты істі Әскери сот алқасы қараған болатын. Нұрасыл Болат алматылық ерлі-зайыпты заңгерлерді ұрғаны үшін 1 миллион 700 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелген еді.