Жалпыға бірдей декларациялау: Қазақстанның 533 азаматының 58 елдің банктерінде ақшасы бар екені анықталды

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:aikyn.kz

ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бүгінгі таңда жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңі өткенін мәлім етті.

«Бүгін жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңі өтті. Оның нәтижелері бойынша Қазақстанның 533 азаматының 58 елде шетелдік банктерде шоттары бар екені анықталды. Қаржының жалпы сомасы 113,5 миллиард теңге. Оның ішінде Ресей, АҚШ, Франция сияқты мемлекеттер бар. Сондай-ақ, 2005 азамат 52 елдегі 2483 жылжымайтын мүлікті декларациялады. Оның ішінде ең көбі Ресей, Түркия, Әзірбайжанда орналасқан», – деді Ержан Біржанов.

Сонымен қатар, қазір 916 азамат 55 елде 1017 көлік құралын тіркеген.

«Қазақстан Страсбург конвенциясына қосылды. Сол бойынша біз резидентіміз жайлы деректер алмасамыз. Бірінші кезең аясында 600-ден астам азаматымыз бойынша деректер алдық.

Осы азаматтардың шетелде алған табыстары бойынша 3 миллиард теңгеден астам қаражат декларацияланып, Қазақстан бюджетіне жолданды. Бүгінгі таңда 80 ел бұл деректерді ұсынды», – деді Қаржы вице-министрі.

Айта кетейік, тап бүгін Қаржы вице-министрі қандай дүние-мүлкі бар екенін айтты.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 11- бабына сәйкес, мемлекеттік саяси қызметшілер 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап декларациясын жариялауға міндетті. Өзіме қатысты айтатын болсам, негізгі декларацияда меншігімдегі 3 бөлмелі пәтерімді және көлік құралын жарияладым», – деді Ержан Біржанов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Қаржы вице-министрі автокөлігі қымбат емес екеніне айтып, автокөлігі 2017 жылғы BMW екенін де жария етті.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы мемлекеттік саяси қызметкерлер декларация тапсыруға міндеттеледі.

Сондай-ақ оқыңыз